Тарих беттерінен ...

Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған
негізгі принциптері

Әлихан Бөкейханов жетекшілік еткен «Алаш» пен «Алашорда» Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешу жолдарын анықтауда ұлттық тұтастық және халықтық бірлік принциптеріне сүйенді. Бұл позиция большевиктерге қарама-қарсы еді. Сондықтан Алашорда Қазақ революциясын, Кеңес өкіметін құптамады, олардың саясатымен келіспей, қарсы шықты. Енді осы ұлттық-мемлекеттік құрылысқа байланысты Әлиханның жетекші, саясаткер ретіндегі қызметіне тоқталайық.
  «Алаш» партиясы бағдарламасының «Мемлекет қалпы» деп аталатын І-тарауында былай деп жазылған:
  «Россия демократическая, федеративная республика болу.
  Үкімет басында учредительное собрание мен Г.Дума қалауынша келісімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер учредительное собрание мен Г.Дума алдында жауаптар болу.
  Депутаттар тегіс, тең төте, һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хақында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болады.
  Законды жалғыз ғана Г.Дума шығаруы һәм Г.Дума хүкімет үстінен қарап, іс тексеруі, запрос (сұрау) жасау хұқы да Г.Думада болады. Мемлекет салығы Г.Думада салындау».
  Қазақ автономиясын құрудағы екінші бағыт – ұлттық мәселедегі большевиктік бағыт: Ресейде мекендейтін ұлттарға автономия беріп, кеңестік ұлттық мемлекеттілікті құру, көп ұлтты мемлекет жағдайында бағдарламадағы маңызды мәселе ретінде бөлінуге еркіндік беру, жергілікті (және ұлттық) автономия ұсыну керек деп талап қояды.
  Ал жарты жылдан кейін большевиктер өкімет басына келгенде, мұны іс жүзінде жүзеге асыру күн тәртібінде тұрды. РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1917 жылғы 20 қарашадағы «Ресей мен Шығыс мұсылман еңбекшілеріне» деген үндеуінде «Сібір мен Түркістанның қырғыздары мен сарттары» нақты жазылуында ағаттық кеткен, себебі, Сібірде сарттар болған жоқ. Ал Сібір мен Түркістанда қазақтардың болғанын Петроград білді.
  РСФСР Халық Комиссары төрағасының Ресей халықтары өкілдерінен алғаш қабылдағанының бірі – 1905 жылдан большевик Әліби Жангелдин болды. Ә.Т. Жангелдиннің естеліктерінде Петроградта Я.М.Свердловпен жолығып, өзін партиялық жұмысқа тағайындау жөнінде Владимир Ильичпен сөйлесу қажет екенін айтқан соң, Смольныйға келіп, Ленинмен кездескенін жазады. В.И.Ленин большевиктердің бағдарламасында езілген халықтарды азат етіп, өз бетімен дамуына жағдай жасау әрі интеллигенцияны өз жағына тарту қажет екенін атап өтіп, Жангелдинге: «Барлық өкімет кеңестерге берілсін!» деген ұранды қорғауды тапсырады да, Торғай облысының уақытша төтенше комиссары куәлігіне В.И.Ленин 1907 жылғы 13 желтоқсанда қол қояды. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің осы облыстағы комиссары болғаны белгілі.
  1908 жылы 15 қаңтардағы Кеңестердің ІІІ Бүкілресейлік съезі ұлттардың өзін-өзі билеу принципі туралы лениндік принципті құптады. Ұлттық саясат енді мемлекеттік саясатқа айналды. Кеңестік принциптің мәні – ұлттық-аумақтық белгі бойынша құрылатын федерация.
  Батыс Сібірде Кеңес өкіметі Ресейдің орталық аудандарына қарағанда кеш орнады. Ол 1907 жылы 2-10 желтоқсанда Омбыда өткен Кеңестердің ІІІ Батыс Сібір съезінде бекітіледі. Жаңа өкіметтің жеңіске жетуі – Петропавл мен Қазақстанның басқа қалаларында жүзеге асқан болатын. Омбыда «Алаш» партиясына қарама-қарсы «Қырғыз социалистік партиясы» («Үш жүз») құрылып, ол Кеңес өкіметін жақтап, ұлттық-буржуазиялық автономия құруды мақсат етті. 1918 жылы сәуірде «Үш жүз» партиясының төрағасы Көлбай Тоғысов Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинге телеграмма жолдады.
  Әлихан бастаған Алашорда өкілдері Қырғыз Дала өлкесінде автономия беру мәселесін қойды. Алайда, бұл талап қанағаттандырылмады, «Қырғыздарда» автономия социалистік мазмұн мен кеңестік құрылыс шеңберінде болу керек екені айтылады. В.И.Ленин Халық Комиссарлар Кеңесі қазақтардың автономиясын тек кеңестік негізде ғана құптайтынын мәлімдеді.
  1918 жылы көктемде В.И.Ленин Ә.Жангелдинді қабылдап, «Дала өлкесінің» төтенше комиссары деген мандатты бергені мәлім. Осыдан кейін Жангелдин Ақмола мен Семей облыстарына біртұтас қырғыз өлкесіне бірігуді сұрап, телеграмма жібереді. «БОАК (ВЦИК) Хабарламаларында» 1918 жылы 12 мамырда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Қырғыз өлкесінің мемлекеттік құрылымы бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатымен Қырғыз бөлімшесін құру жөнінде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы жарияланады, болашақ ұлттық автономияның әкімшілік-аумақтық жобасын жасау тапсырылады.
  Бұл кезде кеңестік әкімшілік-аумақтық құрылымның негізгі анықталған еді. Ең әуелі есепке әкімшілік шекараны орнатқанда тарихи және экономикалық жағдай алынып, мемлекеттік аппаратты халыққа жақын орналастыру ойластырылды. 1918 жылы мамырда «Шекараны өзгерту туралы» декрет шығарылды. Одан кейін НКВД актілері шықты. Ол актілердің біреуінде өздері жақын болғысы келетін табиғи орталыққа бағынуға әр елді мекен, болыс, уездің мүмкіндігі бар екені айтылған. Сөйтіп, жаңа әкімшілік-аумақтық бөлініске, халыққа ыңғайлы жағын ойластырып, қалай көшу керектігін талқылау қажеттігі туды. Осы жерде автономия уәде етілген ұлттардың пікірімен санасу қажет еді.
  Қазақ халқы көшіп-қонып, өмір сүріп жатқан облыстарда автономия беріп, жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым жасауға азамат соғысы кедергі жасады. Алашордалықтар ақ гвардияшылардың лагерінде болды. 1918 жылы 24 маусымда Әлихан Бөкейханов Алашорданың төрағасы ретінде қырғыз даласының аумағында Кеңес өкіметі мен әскери кеңес ұйымдарының барлық декреттерін жою туралы қаулығы қол қояды да, «жігіттерді большевиктермен күреске шақырады».
  Әрине, ақ гвардияшылар қазақтарға қандай да бір автономия беруді ойлаған жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы ұрандарының бірі «біртұтас және бөлінбес Ресей үшін» болды. 1918 жылы жазда Уақытша сібір өкіметінің әскери министрі, генерал-майор П.П. Иванов – Ринов «бұратаналарды кірпі қолғаптарда ұстау керек» («Инородцов надо держать в ежовых руковицах») деп мәлімдеген. Адмирал Колчактың диктатурасы кезінде «бұратаналарға» деген қатынас тіпті қатайып кетті, қазақтарға дүре соқты, түрмеге жапты. «Сарыарқаның» редакторы И.Әлімбеков түрмеге қамалып, Семейдегі азаматтық істер жөніндегі қазақ сотының төрағасы Жақып Ақбаев тұтқындалды. Бұларға большевиктерді жақтады деген айып тағылды. Имам Әлібеков заңсыз қару-жарақ сақтады, жасырын эсерлер ұйымымен байланысты болды, Колчак үкіметіне қарсы листовкалар таратты деп кінәланды. Жергілікті кадеттердің оңшыл тобының органы, Семейде шығатын «Свободная речь» газеті Алашорданың жетекшісі Әлихан Бөкейхановты Колчак үкіметі алдында жаманатты етуге әрекет жасаған болатын. «Біз сұлтан Бөкейханов қырғыз өлкесін басқаратын өкіл болады екен дегенді естідік... Бөкейханов бүкіл қырғыз халқының еркін білдірмейді, ол бар болғаны қырғыз интеллигенциясының жеке бір тобының мүддесін жақтайтын басшы. Сондықтан да Бөкейханов мырзаны қырғыз халқын басқаратын өкіл етіп тағайындау олардың тағдырын көкжал қасқырға тапсырумен бірдей болмай ма?» деп жазды. Әлихан жөнінде мұндай қорытынды жасау, біздің ойымызша, оның саяси көрегендігін, жетекшілік қасиетін бағаламағандық, «жеке топтың мүддесін жақтайды» деп, бұра сөйлегенін байқатады. Ал шын мәнінде Ә.Бөкейханов қоғамдағы өзгерісті дер кезінде байқаған. Оған Әлиханның «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген мақаласы толығымен дәлел, «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөн дейді. Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық.
  ...Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, дінді хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды. Осы үш жол айрылғаны биыл ашыққа шықты. Мен сонан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға тырыстым. Мұны мен шілдедегі жалпы қазақ съезінде айтқан едім».
  Әлиханның осындай белді бекем буған шешімі мемлекет дәрежесінде ойлай білген, қоғамдық-саяси мәселені шешуде халықтық бірлік принциптеріне сүйеніп, өркениятты саясаткер екенін анық көрсетеді.
  Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен қазақ зиялы қауымы большевиктерге қарсы позиция ұстанды дедік. Қазан революциясының Қазақстанға қажет емес екенін түсінді.Кеңес өкіметінің бүкіл іс-әрекеті, болмысының өзі дамытылған отарлау саясатын жүзеге асыратынын байқап, дер кезінде тани білді. Таптық принциптер мен пролетариат диктатурасына сүйенген большевиктерге қарсы Алашорда ұлттық тұтастық пен халықтық бірлік принциптерін ұстады.
  Қазан революциясы жеңіске жеткен соң «Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне» деген үндеуде Кеңес өкіметі ұлт мәселесін әділ шешуге уәде берді. Кеңестардің Бүкілресейлік ІІ съезі өзінің халыққа арнаған үндеуінде: «помещиктік, удельдік, монастырлық жерлердің шаруа комитеттерінің қарамағына тегін берілуін қамтамасыз етеді, армияны толық демократияландыру ісін жүзеге асырып, солдаттардың құқықтарын қорғайды, өндіріске жұмысшы бақылауын орнатады. Құрылтай жиналысының дер кезінде шақырылуын қамтамасыз етеді, қалаларға астықтың, деревняларға ең керекті заттардың жеткізілуіне қамқорлық жасайды» деп мәлімдеді.
  Ұлттық-мемлекеттік құрылыс, жер, қоныс аударушылар, казак-орыс әскерлерінің зорлық-зомбылығы сияқты шешуші мәселелерді шеше алмаған Уақытша өкіметке Алашорда сенбеді. Енді осындай аумақты да күрделі мәселені таптық принциптер негізінде шешпекші болған Кеңес өкіметіне сенбек түгілі, оған батыл қарсы шыға білді. Кеңестік негіздегі қазақ мемлекеттілігін құптаған жоқ. Шын мәнісінде большевиктердің бағыт бағдарламасы Қазақстан түгіл, Ресейдің өзін тығырыққа тірегенін тарих дәлелдеді. Ал Ресейдегі таптық жіктелуден Қазақстан алыс жатты деп есептеді. Отарлық езгідегі қазақ сияқты халыққа дәл осы кезде таптық жіктелуден гөрі ортақ ұлттық мүдде негізінде бірігу дұрыс екенін Алаш жетекшілері түсінді. Әлихан Бөкейханов: «Біз қарап отырсақ, қосақ арасында бос кетеміз. Қазақ жұрты болып бас қамын қылмасақ болатын емес. Есік алдынан дауыл, үй артынан жау келді. Алаштың баласы, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан соң, 200 жылда, басына бір қиын іс келді. Ақсақал аға, азамат іні, отбасы араздықты, дауды қой, бірік, жұрт қызметіне кіріс! Алаштың басын қорғауға қам қыл!» деп бірігуге, ұлттық тұтастыққа шақырса, «Ресей мемлекеті енді жақын арада үйірге қосылмайды. Бірліктен айырылсақ, мына орысша қаңғып кетеміз. Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар. Жалпы жұртқа мұрындық бол» - деп бірлікке шақырады.
  Ә.Бөкейхановтың мақалаларында Алашорданың жер мәселесі жөнінде не айтқанын жүйелесек ол мынадай:
 - қазақ автономиясында жерсіз қазақ бұқарасы жер алып болғанша переселендердің келуі тоқтатылуы тиіс. Жер үлесін алдымен патша заманында ата қонысынан ығыстырылған жергілікті халық алу керек;
 - барлық облыс, аудандарда жер үлесін, нормасын жергілікті жер комитеттері белгілейтін болсын;
 - қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай бөлінсін. Жерді бірге алған ру, ауыл, болыс өз ішінде өздері тәртіп орнатып, әділдікпен пайдалансын;
 - атты казактардың жерге ерекше құқықтары біржолата жойылсын. Жергілікті халыққа жер ата қонысынан берілсін;
 - жерді сатуға тыйым салынады;
 - Алаш автономиясы жері үстіндегі түгі, суы, астындағы кені, Алаш мүлкі болып табылады.
  Алашорда автономиясының статусы жөнінде И.Сталиннің пікірі мынадай болды:
  «Ресейдегі хылықтардың құқықтары туралы халық комиссарларының шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселесі тақырыбын совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші Советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафиқ келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы, өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны...
  Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің осы жобамызды Алашорданың кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен.
  Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық Комиссарларының бастығы Ленинге һәм Халық Комиссары Сталинге.
  Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталин».
  Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларациясының өзара үндес екендігін мойындауы еді. Сталинмен болған келіссөзден соң араға бір күн салып Алашорда кеңесі орталықтың ұсынысын талқылап, мынадай мазмұндағы шешім қабылдап, оны орталыққа хабарлайды:
  «1918 жыл наурыздың 21-інде біз Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін Совет өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, мынаны білдірдік:
 1. Желтоқсанның 5-нен 13-не шейін Орынборда болған қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялаймыз. Алаш автономиясына кіретін облыстар; Семей, Ақмола, Торғай, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышылақ укзі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Амудария, Барнаул, Зейнегор уездеріндегі қазақтар.
 2. Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Алашордаға, қазақтан басқа халықтардан, көбінен көп, азынан азша, он кісі сайланып кірді.
 3. Алаш автономиясында закон шығаратын һәм ел билейтін өкімет Алашорда болды.
 4. Учредительный съезд шақырудың билігі Алашордада болады; бұған областной советтер жәрдемші боларға керек.
 5. Алашқа қараған облыстардың һәм уездердің билігі қазақ пен мұжық, көбінен көп, азынан азша, сайлап жіберген депутаттардың советінде болады; қалалардың билігі қала халқы һәм қалада тұрған жұмысшы, солдаттардың сайлаған депутаттарының советінде болады.
 6. Жалпы халық көптен көп, аздан аз совет сайлап шығарғанша областной, уездный қазақ комитеттері һәм шаһар думалары да бұрынғы күйінде елдің шаруасын һәм оқу-оқыту жұмыстарын басқарып тұрады.
 7. Қазақ-қырғыздың өз арасындағы істерін өздері сайлап қойған областной һәм уездный соттары бітіреді.
 8. Жалпы съезіміздің қаулысы бойынша қазақ-қырғыз арасында милиция құрылады.
 9. Жергілікті советтердің бұйрығы бойынша ұсталып абақтыда жатқан Алашорданың оқу комиссиясының, қазақ комитеттерінің һәм Земский управаларының мүшелері тоқтаусыз бостылсын һәм мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшырату тоқталсын.
 10. Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік. (Халел мен Жаһанша қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр).
 11. Алашорданың жоғарғы шарттарын совет өкіметі тексеріп тез жауап қайырсың.
 Бұл шарттарды естігеннен кейін Халық Комиссары Сталин кешікпей төте телеграфпен ауызша жауап қайтаруға уағда қылды.
 Әрине, қазақ жерін Алаш автономиясына біріктіру оңайға түспейді. Жергілікті жерлерде орыс шаруалары мен қоныс аударушылар қатты қарсылық көрсетеді. Әлихан Бөкейханов «Қазақ болып автономия боламыз десек, алдымызда шешуші қиын бір жұмбақ бар. Орал, Торғай, Ақмола, Семейде қазақ қым-қиғаш, мұжықпен аралас, ылғи қазақ болып шығамыз десек, бұл қазақ атақонысынан көшпес, көшсе ақылсыздық болар, қазақ жерінің ең жақсысы, осы мұжықпен аралас отырған жер. Түбінде қазақ ұлты бір автономия бола қалса, іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт бар» деп дербес бөлініп шығуды әлі ерте санап, кейінге қалдырады. Бұл Әлиханның дұрыс болжам жасайтын саясаткер екенін көрсетеді.
 Осылайша, қазақ жерінің Алаш автономиясына аумақтық бірігуін ерте санаған Алаш өкілдері бұл мәселенің қоғамдық-идеялық және саяси жағына баса назар аударады. Қазақ зиялылары әуелі Алаш өкіметін басқалар саяси тұрғыдан мойындауы керек деген міндет қояды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Уақытша өкімет пен Кеңестер өкіметі, Сібір автономиясы мен Колчак үкіметімен келісімге қол жеткізуге ұмтылады.
 Осы кездегі саяси жағдайдың қиындығына байланысты Алаш өкіметін мойындату да оңай емес еді. Алаш өкіметі мен колчак үкіметі арасындағы өзара келіссөздер туралы Ахмет Байтұрсыновтың «Біз Колчактың үкіметімен келіссөз жүргізуді дұрыс деп таптық. Өйткені, оларды мойындау арқылы өзімізді мойындатуды көздедік, алайда, бәрі де, құр әурешілік болды», деп пайымдауы соның айғағы. Ә.Бөкейхановтың «Сібір автономиясын қолдау себебіміз, біз ойладық: әуелде Сібір автономиясына сүйеніп, тасымалданып, жалғасып көшіп кетелік, зор мемлекет күрмеуінен құтылу, содан соң отау болып жеке шығу» деп тұжырымдауы да сол кездегі саясатта алаш зиялыларының ұлт автономиясын құру жолында жанталаса қимылдағанын көрсетеді.
 Осыған орай, қазақ жерін Алаш автономиясына біріктірудің Уақытша үкімет кезіндегі саяси қадамдарын қазақ елін біріктірудің қоғамдық-идеялық, үгіт-насихат жолындағы күрес кезеңі деп қарастырған жөн. Өйткені, ұлт автономиясы мен ұлт үкіметі жарияланғанымен, оны құрудың аумақтық немесе қоғамдық-саяси деңгейінің төмендігі және ұлттың өздерінен әлдеқайда озық, ондаған есе көп халықтың уысында тұруы еді.

Әшкеева Н. Әлихан Бөкейхановтың ұлттық мемлекет құрудағы ұстанған негізгі принциптері:Тарих беттерінен.../ Ақиқат.- 2002. - № 3. – Б. 50-55