Өмірдерек

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов өмірінің тарихи тізбесі:

1866 – Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында өмірге келген. Қарқаралыдағы молданың қолында білім алып, одан қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады.
1879-1886 – Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектеп-интернатта оқиды.
1886-1890 – Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны техник мамандығы бойынша бітіріп шығады.
1889 – қысынан Омбыда шығып тұрған «Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям»» газеті мен «Дала уалаяты газеті» қосымшасына ең алғашқы мақалаларын жариялай бастады.
1890-1894 – Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде оқиды.
1896-1904 – Щербинаның далалы өлкелерді зерттеу экспедициясы жұмысына қатысады.
1905 – 10 қаңтарда тұтқынға алынып, Павлодар түрмесіне қамалады.
1905 – қарашада Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты.
1905 – Қарашаның 14- і күні Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Ресей министрлер кеңесінің төрағасы С.Ю.Виттенің атына 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясын жолдады.
1906 – жылдың басында тұтқындалып, Омбы түрмесінен мамыр айында бостандыққа шығады.
1906 – маусымда Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап сөз сөйлейді.
1906 – маусымда Ресейдің I Мемлекеттік Думасына Семей облысы қазақ жұртының атынан сайланды. Думаны күшпен таратуға байланысты қарсылық білдіргені үшін тұтқынға алынып, Семей түрмесіне жабылады.
1906-1907 жылдары «Иртыш», «Омич», «Голос степи» - атты Омбы газеттеріне редакторлық жасады.
1908 – Петербургте жарық көрген меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінің редакторы болады. Осы жылы Самараға жер аударылады.
1909-1917 – Дон егіншілік банкі бөлімшесінде жұмыс істейді.
1912-1917 – кадеттер партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болады. XX ғасырдың басындағы «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңіреді.
1914 – маусымында Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты.
1917 – Минскідегі земство және қала одақтары жанынан ашылған бұратаналар бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Ә.Бөкейхановтың жетекшілігімен шілдеде I – жалпықазақ съезі өткізіледі, сондай-ақ «Алаш» партиясы, «Алашорда» өкіметі құрылды. Үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейханов сайланады.
1920 – Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссарияты коллегиясының мүшесі болады.
1922-1927 – 1 қазанына дейін Ұлттар істері жөніндегі Халық комиссарияты (Мәскеу) жанындағы орталық шығыс баспасының ғылыми қызметкері.
1926-1927 - Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болады. Өкінішке қарай, Сталин басқарған жоғарғы билік революцияға дейінгі қазақ зиялыларына, оның ішінде Ә.Бөкейхановқа сенімсіздік танытады.
1925 – Ф.Голощекиннің саясатына жол бермеу үшін қазақ қожалықтарына қажет жер нормасын анықтау мақсатында КСРО ҒА жанынан профессор С.П.Швецов бастаған экспедицияны құру ісіне белсене араласып, құрамына енеді.
1927 – қазан айынан бастап Мәскеуде, ОГПУ орындарының бақылауына тұруға тиіс болады.
1937 – 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесіледі.
1989 – 14 мамырда КСРО Жоғары сотының қаулысы бойынша ақталды.