Даламен дидарласу.

 Мен – Шыңғысханның ұрпағымын, Әлихан Бөкейхановтың немересімін. Мұны мен баяғыдан білгеніммен аса мән бермей жүруші едім.Жақында ғана білдім.Сөйтсем, менің Қазақстандағы туыс –бауырларым үшін мұның маңызы ерекше екен. Осы күнге дейінгі барлық өмірімді Ресейде өткізіп келемін. Атамыз мен туғаннан бір жыл бұрын -1937 жылы атылыпты. Ал әкем геолог болатын. Содан да бір жерден екінші жерге көшіп –қонып жүруші едік. Әр жерде , әр мектепте оқып, орысша тәрбие алдым. Расын айтсам, ол кезде мен өзімнің түбі –тегім хақында ештеңе де білмейтінмін. Әкем –шешем де бұл турасында тіс жарып айта қоймайтын. Тек он екі жасқа жеткенімде ғана әкемнің сыр ағытқаны бар. Әйтсе де, бала болғандықтанба, бұған өзімде аса мән бере қойғам жоқ. Бірақ Әлихан атамыз туралы әке –шеше мен туған –туысқандарымның қайсыбіріндегі әңгімелеріне құлақ түріп жүруші едім. Содан ба екен , әкемнің әкесі ретінде атамды жақын тартып , жақсы көріп, іштей мақтан тұтушы едім. Оның пешенесіне бұйырған тағдырдың аса ауыр да қайғылы екенін кейін барып бір –ақ білдім емес пе.Бұл, бәлкім, менің ұзақ жылдар бойы ол туған даладан мүлдем алыста қалыс жүргендігімнен болар. Дегенмен, оның осы қайғысы, қуғын –сүргінге ұшырағаны , ауыр қазасы бізге де өз көлеңкесін түсірмей қалған жоқ.
 Атамыз ақталғаннан кейін ғана барып ол турасында жазуға жағдай туды. Әсіресе, Қазақстанда бұл ақталудың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін мен сезінбей қалғам жоқ. Әйтсе де,өтіп кеткен уақыт, арақашықтық өз дегенін істейді екен –мен атамның қзін көріп, сөзін ести алғам жоқ.
 Өстіп жүргенде...міне, жақында ғана, 1992 жылдың тамызында менің туысқандарым мені атамның –Әлихан бөкейхановтың туғанына 125 жыл толуы мерекесіне шақырып отыр! Шақыру қағазы қолымда . Алып –ұшып жеттім емес пе. Бас –аяғы бір аптаның аржақ –бержағы болғанымен, бұл сапар баламыз екеуімізге қатты әсер етті. Сан жылдар санамда сарғайып жүрген сағынышты дала, Қарағандыдан Ақтоғайға дейінгі аралық, қандас -туысқандармен ыстық қауышу,атамызды өмірге әкелген Қаратайдай қасиетті жер –бәрі –бәрі де ойымды он саққа, санамды сан саққа бөліп, бөлекше, ерекше әсерге бөлендім. Бәрінен де бұрын , туғалы бері бір рет көрмесем де, менің туыстарымның алабөтен қуанышы, айырықша ыстық махаббаты мен ықылас бейілі, бізді көріп, көзіне жас алғандары әлі күнге дейін есімнен кетер емес. Атамның маған ғана емес, бүкіл қазақ халқына аса ардақты да сүйікті екенін, сол даланың дархан халқының мен де бір титтей бөлшегі екенімді сезіне түскенімді айтсаңызшы бәрінен.
 Аталмыш мереке қарсаныңда біздің туысымыз Қасымхан Алтынбеков қатты ауырып қалғандықтан, біз келе салысымен оның көңілін сұрауға барғанбыз. Сонда ол кісі менің қолымды қысып ұстап жатып көзін менен алмай әлсіз,баяу үнмен: «Біз –өр де өміршең,қарапайым халықпыз.... Мәскеуде әсем гүлзарлар, әдемі қыздар аз емес, әйтсе де Сен ұмыта көрме...» Ақтық сапарға аттанып бара жатқан аяулы ағаның бұл «ата –бабаңның туып –өскен жерін сүй,қадірле» деген аманаты еді.
 Мәскеуге қайтып оралған соң да мен көп уақыт бойы алай –дүлей сезім құшағында ой аясында болдым. Көрген, сезген жәйттер көз алдымнан кетпей қойды. Оны дос –жораларға ауызша айтып та жүрдім. Бәрібір, көкірегімді бір тәттә сағыныш,шырын сезім қытықтай беретін сияқты. Даңғайыр дала , дархан туыстарым жайында ақыр соңында өлең жазуға отырдым. Бұл өлеңдерде әлгі көргенім мен сезгенім ,бабалар мекені , менің ұлы атамның тағдыр –талайы, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен үн, менің ағайын –туыстарымның бүгінгі тіршілік –харекеті...болса дедім. Жергілікті халық менің атам Әлихан туған аймақты Сарыарқа деп атайды екен. Осы атаудың өзінде де ғажайып сыр, ғаламат әуен бар сияқты. Сондықтан да топтама өлеңдерімнің атын « Даламен дидарласу» деп қойдым. Бұл өлеңдер атамның тойынан кейін, Мәскеуге қайтып келген соң іле –шала қыркүйек, қазан айларында жазылды.ал қарашада Алматыдағы менің ағайым Райымжан дүниеден қайтты. Онымен соңғы кездесуім Ақтоғай сапарынан кейін, тамыз айында болып еді. Райымжан ағайыма арналған естелік өлең де осы топтама ішінде бар.
 Бірер сөз өлеңнің жазылу үлгісі жайында . Өлеңдерімнің дені атам Әлиханның Кеңесары Қасымовқа арнап жазған өлеңіне ұқсас өлшеммен жазылды. «Болмасаң да құсап бақ» демекші, бұған қоса мен қайсыбір өлеңдерімде одан үзінділер келтіріп отырдым. Мұның өзі жазған жырларым атамның өшпес мұрасының жалғасы іспетті болсын деген жақсы ойдан туғанын қалай жасырайын.
 Өлеңді әркім әр деңгейде жазады. Автор есебінде өлең өлкесіндегі менің әрекетімнің қаншалықты берекеті бар екенін қайдан білейін, бірақ бұлардың қай –қайсысында да ата –баба жері мен еліне деген ыстық ілтипатым мен сәруәр сезімімнің жатқаны анық.

Атамекен
(Туыс –бауырларыма арнаймын)

Апайтөс тау қар жамылған,
Баурайында –ауылдар.
Сол бір таудың ар жағында,
Ағайын бар, бауыр бар.

Бұл даламен Батый өткен,
Шыңғыста өткен айбарлы.
Ақын өткен,батыр өткен,
Ақиықты, айдарлы.

Шексіз дала қасиеті –
Ғасырлардың көшінде.
Ұлы баба өсиеті –
Ұрпағының есінде.
Ата –баба атырабын
Қалай көрмей шыдармын!
Мен де –бір тал жапырағы
Дала деген шынардың.
Қолын бұлғап бозаң қырда
Түсіме енді қаншама ол.
Бүгін менің көз алдымда –
Сол бір дала аңсаған.

Арқалаған заман жүгін
Тағдыр жолы тарамыс.
Мына адамдар маған бүгін
Әрі жақын,әрі алыс.

Тілім менің күрмеледі,
Дірілдейді үнім де.
Айтпақ болам бірдеңені
Кешегіден бүгінге.

Гүлі оралып балағыма,
Үлп –үлп соғып жүрегі,
Жүрген сайын дала мына
Құшағыма кіреді.
Көркіне оның тіл жетер ме,
Кім болжайды өлшемін?!
Бар ғой, бар ғой бұл мекенде
Менің де бір бөлшегім
***
Алдымда өзен суы ағады
Елжіреп те еміреніп.
Елім,жұртым қуанады
Бержақтағы мені көріп.
Олар менің жан –ділімде
Лебізімен, лебіменен.
Жүрегімде мәңгі бірге
Жүреді енді меніменен.

Құлай сүйдім құба таңын.
Неткен дала дархан, алып!
Кетіп барам ұлы атаның
Аманатын арқаланып.

Әлихан ата.

«Ата жайлы не білесің,
Айтшы кәне?» - десе дала
«Кірді емеспе менің есім -
Дермін оған кеше ғана».

Өткенімен өлмейді уақыт,
Көрдің бе, күн тағы шықты!
...Мен өмірге келмей жатып
Ол ажалмен табысыпты.

Өнбойында өткелі жоқ
Кешіп өтті өзендерді.
Өкпегі көп, көктемі жоқ
Кешті бастан кезеңдерді.

Дейді бір ой: «Уайымдама,
Жүдей берсек, не боламыз?»
Қабірі оның –сайын дала,
Қабірі оның –Жер анамыз!

Түзер заман көш –көлігін,
Өтер өмір боямалы.
Кеудедегі естелігім
Ұйқысынан оянады.

Мен де іздеймін көңіл емін,
Көкке тігіп жанарымды.
Қайтпас, қайсар өмірі оның
Өле –өлгенше маған үлгі.

Жыл соңынан жыл келеді
Енші даулап,ентелесіп.
Қабірлерді гүл көмеді,
Өрт орнына өркен өсіп.

Ойша атаммен сөйлесемін
Сырласымдай күн кешегі.
Көз алдымда бейнесі оның
Бірде жанып,бірде өседі.

Ой оралды басыма көп,
Қайда жүргем бұрындары?
Қарт Қаратал қасыма кеп
Құлағыма сыбырлады:

«Ұрпақты ұрпақ алмастырар,
Бұдан былай біл қарағым:
Ата жолын жалғастырар
Сен де ұлысың бұл даланың...»

Көңіл көптен алаң еді,
Қайтіп тағат табам енді?
«Құлыным» деп Дала мені
Құшағына ала берді.

Ән

Көрпесіне көсіліп
Тыншығанда түз,дала,
Домбыраға қосылып
Ән шырқады қыз бала.

Асау, албырт,аса өңді
Неткен мынау ғажап ән?!
Әннен алған әсерді
Жырмен қалай жаза алам?

Тағдырменен жалғасып,
Тамылжиды таныс ән.
Арманыммен арбасып,
Қиялымен жарысам.

Албырт сезім бұлқынып,
Алдым екен нені еске?
Көкжиекке ынтығып,
Көз саламын белеске.

Сиқыр саз бен тәтті ағын
Тамыр байлап аққандай.
Желкілдеген шақтарым
Жез қоңырау таққандай!

Әуен сыртта,мен іште,
Құдайым –ау, түс пе, өң бе?
Көк қанатты Періште
Көктен бері түскен бе?

Жалап жанның жарасын,
Жел жеткендей болама?
Ақ бесікті анашым
Тербеткендей бола ма?

Табысқандай жер мен көк,
Жұлдыз жылап, ай тыңдап.
Ән осылай тербелмек,
Ән осылай айтылмақ!

Жас сұлудың жанары
Жанды ертіп жүрмей ме? –
Жақын тартып барады
Жаутаң қағып бір бейне.

ҚСапарбай И. Даламен дидарласу (Евгений Бөкейханов) // қазақ әдебиеті. – 1996. - №2. – 9 қаңтар.- Б. 10-11.