Әлихан Бөкейханов

 Қазіргі революциялық қайта құру процесі ең алдымен ой-санамызға азаттық әперді. Соның арқасында тарихымызға, еліміз өткен қиын-қыстау белестерге сын көзбен қарай бастадық, сталиндік бұрмалаулар жылдарында талай азаматтың жазықсыз жазаланғаның білдік, жеке басқа табыну кезеңінде репрессияға ұшыраған көптеген қайраткерлердің адал есімдерінің араға жарты ғасыр салып қалпына келтірілгеніне куә болып келеміз. Жақында, қайта құрудың нұрлы шуағы арқасында, сталинизм құрбандарының – ел санасынан оларды репрессия тәсілімен біржолата өшіріп, ұмыттыруды көздейтін қараңғылық түнегінен – жарыққа шығарылған қаралы тізімі тағы бір есіммен толықты: «халық жауы» қатарында мәңгі қалдырылғандай есептелетін Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов СССР Жоғары сотының пленумында ақталды. Ол 1937 жылғы 14 июльде өзінің Москвадағы пәтерінен әкетіліп, 1938 жылдың майында, 68 жасында, НКВД қапастарының бірінде атып тасталған болатын. Қазіргі ұрпаққа оның аты-жөні «ата жауымыз» ретінде ғана көнерген оқулықтардан еміс-еміс жетіп жүргені белгілі. Бүгін біз, осы орайдағы «ақтаңдақты» жоюға бағытталған алғашқы қадам ретінде, төмендегі материалды оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
I

 Россиядағы 1905-1907 жылдарғы революция кезінде қазақ даласында да толқулардың мол бой көрсеткені мәлім. 1905 жылдың күзінде Қарқаралыда ірі демонстрация болды. Оны дала генерал-губернаторлығына жолдаған ақпарында Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский «бүлік», «тәртіпсіздік» деп атап, қазақтарды орыстарға қарсы көтеріліп жатқандай етіп көрсетті. Осынау ресми өтірікті Әлихан Бөкейханов батыл әшкереледі: «Қазақ халқын білмейтін, оның, өкінішке орай, сатрапцияға айналдырылған даласын білмейтін қылмыскер адам ғана осынша жеңілтек ой пішеді- деп жазды ол «Степной край» газетінің 1905 жылғы 256-санында.- ...Оссовскийдің әлдеқандай «бүлік» жөніңдегі донесениесі – шып-шылғи өтірік. Қазақтар әзірге Россияның бостандығы үшін алысқан күрескерлерінің ұлы есімдерің білмейді, сол себепті құрметтей де бермейді, бірақ олар Пестельден бастап, Шлиссельбургтің қазіргі тұтқындарына шейінгі Россия азаткерлерін танып алады және білетін болады» ... Халықтан 17 октябрь манифесін жасыруға тырысқан, одан толқулар сырын бұрмалаған патша әкімдерінің жымысқы әрекетін әшкерелей келіп, Әлихан Нұрмұхамедұлы: «Әміршіл құрылыстың қабіршілері, қылмыстарыңды көбейте бермеңдер»- дейді қаламын қаһарлана сілтеп.–Сендердің күндерің таусылып келеді. Сендермен біз орыстың өкілетті жиналысында... есеп айырысамыз! Мұндай өжет сөздер кездейсоқ тумаған-ды, бұл кезде, яғни бірінші россиялық революция қарсаңында – отыз бес жасар Әлихан Бөкейханов ысылу үстіндегі қоғам қайраткері, қаламы қатайған публицист,танымал ғалым болатын.
  Ол 1870 жылы Қарқаралы уезінде туған.Омбы гимназиясынан соң Санкт-Петербург орман институтын экономист мамандығымен бітіріп, Самарада және Омбыда статистик, земство агрономы, журналист тәрізді түрлі қызмет атқарды. Өткен ғасырдың соңына қарай, переселендер әкелу мақсатымен қазақ даласының құнарлы жер-су жағдайын зертеген экспедицияның жұмысына қатысты. «Россия. Біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» атты әйгілі көптомдық еңбектің қазақ даласына арналған, 1903 жылы шыққан ХҮІІІ томының авторларының бірі болды. Зерделі, оқыған азамат ретінде ол туған халқының тағдырын жеңілдетіп, тұрмысын жақсартуды ойлады, қоғамдық мәселелерге араласып, алғашқы революция оқиғаларына сергек үн қосып отырды.
  Ә.Бөкейхановтың мақалаларынан 1905 жылғы қазақ қауымының, оның көзі ашық бөлігінің ойы мен әрекетін айқын аңғарасың. «Омбыда тұратын қазақ интеллигенттері 1905 жылғы октябрьдің аяғында 17 октябрь манифесін қазақ тіліне аударды да, жергілікті газеттердің цензоры – вице-губернатордың рұқсат-батасымен Ақмола облыстық баспаханасында бастырып, қырға 10.000 данасын жөнелтті,- дейді ол 1916 жылы Петроградта басылып шыққан «Бірінші Мемлекеттік думаның он жылдығына» жинағына енген «Дала өлкесіндегі сайлау» атты мақаласында.- Қазақтардың шапшаң қозғалатындығының арқасында манифест қысқа мерзім ішінде күллі далаға тарап үлгерді. Барлық жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды...манифесті оқыды,түсініктемелер жасады. Мемлекеттік думаға болашақта сайлау жүргізу мәселелерін талқылады. Ең алыс болыстардан қазақтар қыр қалаларына топ-тобымен аттанды, онда азаматтар өткізіп жатқан қала митингтеріне қатысты. Орыс, татар, өзбек пен қазақтар туысқан бір семьяға тоғысты. Ешқашан ешкім көрмеген тамаша уақыт болған еді ол бір!».
  17 октябрьдегі патша манифесін барша қазақ зиялылары, олар арқылы қалың бұқара шын шаттанып қарсы алды. Манифест Омбыға жеткен бойда Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның серіктері қазақ дадасындағы қалаларға телеграммалар жолдап, барлық халыққа патша ағзам тарапынан жеке адамның ешкім қол сұқпайтын дербек правосы, ождан бостандығы, сөз еркіндігі, жиналыстар ашу мен одақтар құру хұқы сайланғанын хабарлады. «Біз өзіміздің тілшілеріміздің бәрінен қуанған телеграммалар алдық,- дейді Ә.Бөкейханов, - Жеке бастың дербестігі мен ождан бостандығы жөніндегі уәде қазақтарға айрықша әсер етті. Бұлар – орыстандыру саясатының тұрпайы агенттері төпеген тұрақты соқыны ұдайы бастан кешіп келе жатқан, тап сол саясат салдарынан мешіт, медреселері жабылып, кітапханалары конфискеленіп, діни ожданы езіліп отырған қазақтарға өте-мөте түсінікті еді». Сондықтан да интеллигенттер, басқа да еті тірі адамдар үгіт-насихат жұмысына білек сыбана кірісті. «Барлық шешендердің аяусыз сыны полицияны нысанаға алды...Ескі режимді қатаң сынауға әркім асықты және одан қателескен жоқ. Бұрын ойына келгенін істеген, енді митингтерде үнсіз тұрған құдіретті жергілікті әкімшілік қызметін осынша мейірімсіздікпен сынағанға қазақтар тұңғыш рет куә болды». Ә.Бөкейханов «қаражүздікшілермен қызметтес болғысы келмегендіктен бостандық күндері отставкаға шыққан» бітістіруші судья Жақып Ақбаевтың шешендігі мен қоғамдық белсенділігін әңгімелеу арқылы 1905 жылғы қазақтар арасындағы саяси ахуал, тыныс-тіршіліктен тәп-тәуір мағлұмат берді.
  Қазақ арасындағы Бірінші орыс революциясы оятқан жаңа саяси қозғалысты жандандыруға Бөкейхановтың өзі де қызу араласып жүрді. Жоғарыда аталған Қарқаралы демонстрациясына орай Омбыдан шығуы ықтимал жазалаушы экспедицияның жасақталмауына ол газеттер бетінде тиісті қоғамдық пікір туғызу арқылы, сондай-ақ земство съезінің Москвадағы бюросын хабардар ету жолымен ықпал етті. «Бостандық күндеріне» байланысты түрлі жиындардың шақырылуына ұйытқы болып, жұмыстарына қатысып жүрді. Полиция оны қауіпті қоғам қайраткері санатында бақылауға алды. Ақыры, Семейде ашылмақ облыстық съезге бара жатқан жолында, Ямышево поселкесінде, 1906 жылғы 8 январьда тұтқындап, Павлодар түрмесіне әкеп жапты. Әлденеше мәрте прокурорлық қадағалауға, Петербургтегі министрліктерге арыздануына қарамастан оның ісі не дұрыстап тергелмеді, не сотқа берілмеді, ал юстиция министрінің 1906 жылғы 11 апрельдегі хатына қарағанда: «Бөкейханов мырза түрмеде ішкі істер министрінің жарлығы бойынша отыр, сондықтан юстиция министрлігі оның өзін сотқа беру туралы өтінішін қанағаттандыра алмайды», яғни, жандармерия оны абақтыдан шығару мәселесін әдейі бұлғақтатып,қасақана сөзбұйдаға салды. Бар себеп – қыр қазақтарының Мемлекеттік дума сайлауына дайындала бастағандығында еді. Сайлау науқаны өтіп болғанша Бөкейханов секілді әкімшілікке сенімсіз, ойы қиғаш, елге беделді адамның түрмеде жата тұрғаны қолайлы болатын. Алайла Әлихан Нұрмұхамедұлының халық арасындағы абырой-атағына патша түрмесі нұқсан келтіре алмады, бір болыс қауым оны бір ауыздан сырттай-ақ выборщик етіп сайлады. Бұл кезде Омбы түрмесіне ауыстырылған Бөкейхановты жандарм басқармасы, сайлау оқиғаларына байланысты, 1906 жылғы 30 апрельде босатуға мәжбүр болды.
  Июннің басында Семейде өткен выборщиктар жиыны Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановты 175 дауыспен (қарсы – біреу) Мемлекеттік думаға депутат етіп сайлады...

ІІ

 Ал бірінші Мемлекеттік дума өз жұмысын 1906 жылғы 27 апрельде бастап жіберген еді. Бұл кезде қазақ даласындағы сайлау науқаны енді ғана қанат жая бастаған-ды. Әлихан Бөкейханов Семей облысынан депутаттыққа сайланып, империя астанасы Санкт-Петербургке алып-ұшып жеткенде, Таврия сарайындағы Дума мінбесінен көтерілген мәселелерге орай жүріп жатқан дебаттар шорт тылар күн тақалып келе жатқан болатын...
 Бірінші Думада жер мәселесі қатты сөз болды, терең талдаулар жасалып, батыл ұсыныстар айтылды, ал оның сондай мәжілістеріне бүкіл ел құлақ түріп, жұмысын мұқият қадағалап отырды. Думада үкіметке жағымсыз ыңғайдағы аграрлық заң жобаларының ұсынылып, талқылана бастауы және жазғытұрым, құдды мінбеден естілген қызу айтыстарды нақтылай түскендей, империяда шаруалар қозғалысының үдеуі шошындырғандықтан, патша 1906 жылдың 8 июліндегі указымен Мемлекеттік думаны таратып жіберді.
 Ә.Бөкейхановқа Дума мінбесіне көтерілу мүмкіндігі берілмеді, ол тіпті, Бірінші Мемлекеттік дума мүшесі ретінде мәжілісте бекітіліп те үлгерген жоқ. Тым кеш келді. Жалпы, облыстардағы сайлаулары едәуір ертерек аяқталып, Думаның жұмысына одан бұрынырақ қосылған үш қазақ депутаттың біреуіне ғана мінбе тигенді,оның өзі қазақ даласының аграрлық комиссияда тиісінше өкілі болуын жақтап қана сөйлеген. Бәрінің де айтары болғанына, әрқайсысының өз білігінше қазақ халқының мүддесін тырысқанына күмәндану қиын, тек олар ниеттерін жүзеге асыра алмады, өйткені демократиялық жиын жемісінен дәмеленгендерге сол демократияны «тарту еткен» патшаның өзі кесе-көлденең тұрды...
 Патша указына бірінші кезекте Дума мүшелерінің едәуір бөлігі наразылық білдірді. Депутаттардың жартысындайы (дұрысында 478 депутаттың 200-дейі) указ шыққан күннің ертеңіне Выборг қаласына жиналды.Екі күнге созылған үкімет тарапынан рұқсат етілмеген жиналыстың нәтижесінде «Халыққа халық өкілдерінен» деп аталатын үндеу қабылданды. Тарихта Выборг үндеуі деген атпен мәлім, халықты түрлі салық міндеттерден бас тарту арқылы, Думаның қуылуына орай үкіметке қарсылық білдіруге шақырған бұл документке Әлихан Бөкейханов та қол қойды. Ол өзіне осы оқиғаға байланысты жүргізілген сот процесінде кесілген мерзімді Бірінші Мемлекеттік думаның өзге мүшелері қатарында Петербургтің «Кресты» түрмесінде жатып өтеп шықты.
 Болашақ ғұмырнамашылары Бөкейхановтың қоғамдық және ғылыми-ағартушылық жұмыстарына белгілі дәрежеде ықпалын тигізген өмір деректерін (социал-демократиялық үйірмеге қатысуы, кадеттермен байланысы,т.т.) түгел қалпына келтіретін шығар, сонда ол туралы қалыптасқан теріс пікір мен ұзақ уақыт ұмыт қалдырылған шындықты салыстыра қарап, әділ ой түюге кең мүмкіндік жасалары анық.
 Әлихан Нұрмұхамедұлы ғасырдың бастапқы жылдары орыс басылымдарында қазақтың рухани, әлеуметтік мәселелерін көтерген сан-алуан мақала жазды. Ол Абай өмірбаянын орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырушы болды. Ал қазақ газет-журналдары беттерінде саяси және экономикалық тіршіліктің қилы өзекті мәселелерін қозғай отырып, Россия интеллигенциясын толғантатын озық ойларды аударып бастырды. Мәселен, «Коммунистік манифесті» тәржімалап, «Коммунистік жар» деген тақырыппен жариялаған да Бөкейханов тәрізді, бұған анық көз жеткізу үшін оның қолданған псивдонимдерін толық зерттеу ләзім...
  Әзірге Бөкейхановтың еңбектерін ғылыми жүйемен саралап тексеретін арнайы, мақсатты жұмыс жасалған жоқ. Тек экономика ғылымдарының кандидаты Мұхамбетқали Жақсалиев қана оның ғылымдағы қызметін өз диссертациясына белгілі бір дәрежеде арқау етті (Жақсалиев Мұхамбетқали. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамдық – саяси қайраткерлерінің көзқарастары. Автореферат. Москва, 1973 жыл). М. Жақсалиевтің сонау тоқырау жылдары Москвада табысты қорғаған дисертациясы негізінде жазылған монографиясы бүгінгі қайта құру жағдайында аса көпке созылмай, жарық көріп қалар деген үміт бар, егер ол жарияланып жатса – ғалым, публицист Бөкейхановты тану жолына салынған алғашқы елеулі баспалдақ боларына шүбә жоқ.

ІІІ

 Дегенмен Ә.Н.Бөкейханов Ұла Октябрь революциясына дейінгі, дәлірек айтқанда, алғашқы революция аяқт алып, реакция етек алған жылдардағы саяси көзқарасын, қазақ тыныс-тіршілігіне қатысты кейбір ой-пікірін бүгінгі танысу әңгімеміздің өзінде шолып шығуға болатын сияқты. Бұл істе бізге Әлихан Нұрмұхамедұлының өзі жәрдемге келеді: Санкт-Петербургте 1910 жылы А.И. Костелянскийдің редакциясымен жарияланған «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атты үлкен жиналысқа енген Бөкейхановтың «Қазақтар» деген көлемді мақаласы бізге оны тереңірек таныта алады ғой деп ойлаймын.
  Мақалада ол қазақтар тұратын Қазақ және Түркістан өлкелері мен Астрахань губерниясының ұлттық құрамына демографиялық талдау жасай отырып: «Қазақтардың ішкі тұрмысын баяндар алдында мынаны ескертуге тиіспін,- дейді, - қазақтардың шаруашылық тіршілігі – малына жаятын жер мен суаратын өзен-көл іздеу жолында үнемі қоныс аударып, бір орында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпендінің қарабайыр экономикасын көрсететін қарапайым формулаға сыймайды». Ол таза көшпелі мал шаруашылығының орнын – талас, егіншілік-малшылық шаруашылықтың алмастыра бастағанын нақты цифралармен дәлелдеп, қазақ, крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды. Бір жылда 8-10 ай бойы қыстауда отырықшылдықпен күнелтетін қазақтардың шаруашылық өмірінде әртүрлі жайылым, қорықтар, жазғы қотандар қандай орын алатынын бай мәліметтермен көрсете отырып, Әлихан Бөкейханов қазақ халқының арасында түзілген әлеуметтік-шаруашылық құрылымды оқырмандар алдына көрнекті түрде, білгірлікпен жайып салады. Бұдан сексен жыл бұрынғы сол мемлекеттердің Қазақстан тарихымен әуестенетін бүгінгі ұрпақ үшін де танымдық мәні зор екендігішәк келтірмейді.
  Аталмыш ғылыми очерктің үлкен екі бөлімі қазақ даласындағы саяси құрылыстың мән-жайын, қазақтар арасындағы саяси-мәдени ахуалды таныстыруға арналған. Мұнда Әлихан Нұрмұхамедұлы патша үкіметінің әрі езіп, әрі ұлт араздығын қоздыратын отаршылдық және орыстардыру саясатын, неше түрлі материалды пайдалана отырып әшкерелейді. Ал төртінші бөлімде ол қазақтардың шындап ояна бастаған саяси белсенділігін көрсететін маңызды мағлұматтар келтірген. 1905 жылы көпшілік митингтерінде «қазақтар баршаның теңдігі туралы,ождан бостардығы жөнінде, халық өкіметі жайындаайтып шаттанған интеллигенцияға» қосылғанын айта келіп: «Қазақтар орыстардың аузынан мұндай сөздерді тұңғыш мәрте естіді, содан-ақ екі халықтың келешекте жақындасуын қамтамасыз ететін іргетас қаланды, - дейді Әлихан Нұрмұхамедұлы – Өздері білетін, орыс халқының атын ғасырлар бойы қыр үстінде жаманатқа қалдырып келе жатқан ескі таныстарына күллі орыстың құсай бермейтінін қазақтар енді көрді».
  Мемлекеттік дума сайлауы қазақтар арасында белгілі бір дәрежеге саяси өрлеу туғызды. Қырға қолмен жазылған листовкалар тасылды. Олардың ішінде орыс прокламацияларынан, газеттерінен аударылған түрлі үндеулер де болатын. Халық бостандығы партиясының қысқаша тұжырымдалған жөн-жобасының қазақшаға аударылып бастырылғанын, тіпті әлдекімдердің оны өлеңмен жазып шыққанын Ә.Бөкейханов айтады: «Манифестке және түрмеде отырған үгітшілерге тым еліге бермеу керек деп қазақтарды иландыруға тырысқан крестьян бастықтарынан соң жиындарда іле-шала әнші немесе сайқымазақ-дуана шығып, халық бостандығы партиясының катехизисін әнге салып айта бастайтын, - деп жазды Әлихан жоғарыда аталған мақаласында.- Қазыналық жиын ауқымында сондай түрмен жанды үгіт жүргізілетін».
  1910 жылы шыққан бұл еңбегінде Ә.Бөкейханов саяси партиялардың қазақ халқы арасында енді-енді ғана тууы ықтималдығын куәландырады. «Орыстандыру саясатының езгісін көрген барлық шет аймақтар сияқты, қазақ халқы да ескі режим үкіметіне наразылық танытатын және орыс оппозияциялық партияларына бүйрегі бұратын көңіл-күйде. Жақын болашақта, шамасы, қазақ ортасында қалыптасып келе жатқан ескі саяси ағымға байланысты, далада екі саяси партия ұйымдасып қалар... Бірі, шамасы, үлгі ретінде мұсылман партияларын – татар партиясын, ал екіншісі – оппозициялық орыс партияларын, атап айтқанда, халық бостандығы партиясын қабыл алатын шығар». Ол бұл болжамның себебін интеллигенция арасындағы батыс мәдениетіне иек арту, оны саналы түрде қазақ даласына енгізу, сондай-ақ, діни-ұлттық негізде мұсылман қауымдастығын қолдау нышандарын байқататын ниеттерден іздейді. Бірінші орыс революциясы жылдарында, шынында, қазақ қауымындағы көкірегі ояу деген азаматтардың өздерінің саяси көзқарастары әлі де тиісті дәрежеде айқындалып қалыпқа түсе қоймаған, нақты программаға айнала қоймаған аморфты күйде еді. Интеллигенция да, ел ахуалына азды-көпті ой жүгірте алатын өзге топтар да ол кезде әйтеуір бір түйсік жетегімен бар үмітін империя халқы өз күшімен жеңіп алған парламентке артқан болатын. Заң шығаратын Мемлекеттік думада мұңдарын шағып, қазақтың жағдайын жақсартуға апаратын шараларға қол жеткізерміз деп сенген-ді. Дума сайлауы мен оның сессиялары патша үкіметі рұқсат еткен шеңберде ғана жүргізілуге тиістігі, оның, әшейін, халық арасындағы еркін ойларды алдаусыратып, ауыздықтап отыру үшін қолданылған патша бюрократиясының кезекті айласы, демократия туымен жасырылған тежеу тәсілі екенін қазақ зиялылары ол кезде дөп басып түсіне қоймады. Алайда Екінші Мемлекеттік думаны да қуумен қатар, патшаның бұдан былай бұратаналардан парламентке депутат сайлауға тиым салуы талайдың көзін ашқандай-тын. Әйткенмен интеллигенттер патшаға наразылықтарын іштеріне бүгіп, сыпайы түрдеүкімет тарапына бейкүнә сын айтумен ғана шектелді. Мәселен: «1907 жылдың 3 июніндегі заң төрт жарым миллиондық қазақ халқын сайлау проавосынан айырды», - деп жазды Ә.Бөкейханов «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» кітабының 599-600 беттерінде. – Осынша зорлықпен жер-суынан айырған халықтың өкілдері мемлекеттік думада отыруын үкімет артық көрсе керек». Оның мұндай жұмсақ ескертпесінің астарын түсіну оңай. Өзге серіктері тәрізді, Әлихан Нұрмұхамедұлы да парламенттік жолмен қазақ халқына әлдебір пайдасын тигізуден күдер үзген жоқты, сондықтан да ол Үшінші, Төртінші Мемлекеттік думалардың жұмыстарына конституцияшыл-демократтар партиясы мен мұсылмандар фракциялары арқылы үн қосып, ат салысып отырды. Болашақта оның бұл тармақ бойынша атқарған қызметі де жан-жақты зерттеу жүргізуді тілейді.

ІV

 Ресми әдебиетте 1916 жылдың 25 июнінде шыққан патша указына байланысты оқиғалардағы ұлт интеллигенциясының, оның ішінде Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобының ролі тек қана сатқындық ретінде бағаланатыны мәлім. Бұл, әрине, қайта құру аясында мүлдем қайта қарауды қажетсінетін жәйт. Осы орайда Бөкейхановтың қатысы бар кей деректерді шолып көрейік.
 1915 жылдың соңынан бастап «Қазақ» газеті қазақ жігіттерінің келешекте әскерде қазақ жігіттерінің келешекте әскерде қызмет етуінің жай-күйін сөз ете бастады. Бұл кезде Әлихан Бөкейханов Орынборда, Ахмет Байтұрсыновтың қарамағында, «Қазақ» газетінде жұмыс істейтін. 1916 жылдың февралінде олар Петроградқа аттанды. Соғыс министрі генерал Поливановқа, басқа да ресми орындарға кіріп, қазақтарды әскерге шақыру мәселесінің кейінге қалғанын анықтап қайтты. Содан жазға дейін «Қазақ» газетінің бетінде пікір алмасу жалғаса берді. Көпшілік қазақ жігіттері үшін атты әскерде қызмет етудің қолайлы болмағын айтып жатты. Жаяу әскерге баруды жақтағандар да болды. Сөйтіп жүргенде, ақыры, әйгілі Июнь жарлығы шықты. Қазақтар әскер қатарына емес, соғыстың қара жұмысына шақырылды. Одан соң әр-әр жерде белгілі толқулар бұрқ-бұрқ тұтанып, жазушылар қара істеріне кірісіп кетті...
 Осы кезеңде Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның айналасындағы көзі ашық жігіттер атқарған жұмыстарды мен «сатқындық» деп емес, уақыт ахуалын мұқият ескергендіктен туған саяси творчество көрінісі, байыпты, сындарлы көзқарас нәтижесі деп бағалар едім. 1916 жылдың 8 июліндегі санында жарияланған бас мақаласында «Қазақ» газеті жігіттердің әскерге емес, қара жұмысқа шақырылғанына әрі намыс, әрі өкініш білдіре отырып, қанша дегенмен жарлықты орындау керектігін әңгімеледі. Соғыс жағдайындағы тәртіптің қаталдығын, қара жұмыстан қашам деп жеңілтектік көрсетудің арты жаманға соғарын, қырдағы әскери жасақтардың шаруашылықты күйзелтіп, елді, ошақ басын бақытсыз етерін айтты. Осы мәселе 1916 жылғы 7 августа Торғай, Орал, Ақмола, Семей, жетісу облыстары қазақтарының Орынборда Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен өткен мәслихатында талқыланды. «Қазақ отрядтарын даладан кері шақырып алу арқылы және жер-жерде халық өкілдерінің съездерін өткізу арқылы халықты тыныштандыратын шараларды шұғыл қолдану қажет,» - делінді бұл жиналыста. Жергілікті өкіметтер, әсіресе болыс басқарушылары өздерінің асығыс әрекеттерімен, дөрекіліктерімен және қиянаттарымен халық толқуларын өздері туғызды, ең бір бейбіт, жоғарғы әмірге көнімпаз халықты зығырданын қайната көтерді, өкімет пен заңға бағынбайды деп жариялады. Мұның бәрі жалған – қазақтар жарлықты орындайды... Жұмысшыларды мобилизациялау туралы хабар қазақтардың пішен шабу науқаны қызып, астық жинау мерзімі тақалған уақытта шықты. Міне, бір айдан бері күллі дала толқу үстінде, шаруашылық жайына қалды, шөп шабылмады, астық орылмай жатыр. Осының бәрін ретке келтіру керек, жоғалтқан уақытты үту қажет. Бұл енді шаруашылықта жұмыскерлердің молырақ болуын талап етеді... Жұмысшыларды шақыру солтүстік уездерде 1917 жылғы 1 январьға, ал оңтүстік уездерде 1917 жылғы 15 мартқа дейін кейінге қалдырылсын» («Красный архив» 3 (16) т. 59-60 б.б.).
 Қазақ жеріндегі бес облыс өкілдері жиналысының Ә.Бөкейханов председатель ретінде қол қойған осы қаулысында жігіттерді қара жұмысқа шақыруды ретке келтіру шарттары 18 пунктке таратылып баяндалған. Солардың ішінде халықтың инлеллектуалдық күшін сақтауды көздеген екі баб назар аударады: жиналыс әр 50 үйдің балаларын оқытуға бір мұғалімнен қалдыруға, ал қалалардағы мұсылман медреселерінің шәкірттерін әскердің қара жұмысына шақыртудан мүлдем босатуға қаулы етіпті ...
  Тыл жұмыстарына шақырылған төрт жүз мыңнан астам қазақтардың жүз отыз мыңдайы, әр аймақта күннен-күнге өрістей түскен көтерілістерге қарамастан, соғыс шебіндегі қорғаныс жүйелерін салуға жіберілді. Майданның қара жұмысын істей жүріп, жігіттер революциялық ойлармен бауырласты, өз іштерінде «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды. Ал майдандағы қазақ жұмысшыларының ең үлкен басшысы – сол тұста орыс армиясы Бас қолбасшысының ставкасында қызмет атқарған Әлихан Бөкейханов еді. Оның осы кезеңдегі жұмысы да күллі қайшылықтарын жасырмай ашу арқылы, терең зерттелуге тиіс ...

V

 Февраль революциясынан кейін Ә.Н.Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары боп тағайындалады. 1917 жылғы декабрьде Алашорда халық кеңесінің председательдігіне сайланды. Азамат соғысында адмирал Колчактың ығыңда жүрді ...
  1919 жылғы ВЦИК кешірімінен кейін, ол совет платформасында жұмыс істегісі келді. Бірақ оны Қазақстан большевиктері сенімсіз адам санатында түрмеге жауып тастайды. Соған орай Москваға, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталинге Ташкенттен мынандай мазмұндағы телеграмма жөнелтіледі: «Кирреспублика өкіметінің жарлығымен 14 октябрьде Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов тұтқынға алынды. Алашордашыларға амнистия жарияланған декретті еске ала отырып, Советтің жергілікті қазақ халқы бұқарасымен байланысының әлсіздігін және Киргизия Советтерінің соңғы съезі жұмысының нәтижесінде орнаған ахуалды, сондай-ақ бұл оқиғаның қазақ халқы бұқарасына қолайсыз әсер етуі ықтималдығын ескере келе, сізден осы іске араласуыңызды өтіну қажет деп есептейміз, негізі жоқ болған жағдайда Бөкейханов абақтыдан шапшаң босатылсын. ТүркЦИК председателінің орынбасары Қожанов. ТүркСНК председателі Рысқұлов.» ( «Советская степь». 18.10.1930). Ұзамай Әлихан Нұрмұхамедұлы түрмеден шығып, Москваға аттанады...
  Ол Шығыс халықтары баспасының қазақ бөлімін басқарды. Марксистік әдебиеттерді қазақ тіліне аударумен шұғылданды, ғылыммен айналысты. «Темірқазық» журналына шаруашылық, оқу-білім мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды. Ғылыми экспедициялармен Қазақстанға да келіп жүрді. Республика экономикасы жөнінде, сұраған кездерінде, орталық комиссарианттар мен ғылыми мекемелер қызметкерлеріне кеңес те беретін ...
  Әлихан Нұрмұхамедұлы беделді және жауапты совет қызметкерлерімен бір үйде тұрды, олардың біразымен дос-жаран болды.
  Кейбір деректерді негізге ала отырып, Ахмет байтұрсыновты ату жазасына кескен 1930 жылғы үкімнің 1931 жылы қайта қаралып, он жыл айдаумен ауыстырылуына, одан 1934 жылы Ахаңның концлагерьден мерзімінен бұрын боснып елге оралуына – Ә.Н.Бөкейханов әсер ете алған деп жорамалдауға болады... бірақ 1937 жылғы «үлкен террор» екеуін де жоқ етті.
  Жазықсыз жаладан Бөкейханов есімі, міне, жарты ғасырдан соң аршылып отыр. Әділет үстемдігі арта түскей ...

Қойшыбаев Б. Әлихан Бөкейханов: Тағдыр / Қазақ әдебиеті.- 1989 жыл.- 9 июнь.- Б. 8-9