Әлихан және Абай

 Абай шығармаларына Әлихан ертеректе, ақынның көзі тірісінде-ақ назар аударған. Кезінде орыстың әйгілі саяхатшы ғалымы П.П.Семенов-Тянь-Шанский мен академик В.И. Ламанскийдің редакциялауымен шығып тұрған «Россия. Полное географическое описание нашего отечество» атты (көп томдық альманахтың қазақ өлкесіне арналған «Киргизский край» атты ХҮІІІ томын (1903ж.) дайындаған ғалымдардың қатарында болған Әлихан Бөкейхан еңбектің «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» атты үлкен тарауын жазған.»Население» деп аталатын екінші тараудың «Распрееделение населения Киргизского края по территории, его этнографический состав, быт и культура» атты Ү-бөлімнің жазылуына да Әлиханның атсалысқаны жайында «Абай» журналының 2-санында айтылған. Бұл еңбекте Әлихан қазақтың ақын-жазушыларынан жалғыз Абайға тоқталып, қазақ әдебиетінің «жаңа бағытының өкілі» ретінде аса жоғары бағалайды:

 Сонымен, қазақ поэзиясындағы жаңа ағым өкілі деп сыртқы пішіні, ішкі пэтикалық мазмұны да сүйкімді (әсіресе, табиғат сипаттары) көптеген өлеңдердің авторы Семей оязындағы Құнанбайды (кітапта осылай қате басылған- С.А.) атауға керек. Дәл осы авторға тән «Евгений Онегиннің» және Лермонтов өлеңдерінің ең жақсы аудармалары қазақтарға өте-мөте түсінікті шыққан, сол себептен де семейлік өлеңшілер арасында өз әуендерінің ыңғайымен айтылатын, мысалы, «Татьянаның хатын» жиі тыңдауға болады».
  Бар-жоғы тоғыз-ақ жолдан тұратын пікірі кейінгі «Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы» атты әйгілі мүнә иб-мақаласымен де үндесіп (Жылдың төрт мезгіліне (көктем, жаз, күз, қыс) арналған ғажайып өлеңдері Еуропаның атақты ақындарының да құрметіне әбден лайық») жатыр.
  Әлихан Абайды қазақ әдебиетіндегі, оның ішінде қазақ поэзиясындағы «жаңа толқынның», жаңа бағыттың өкілі, қазақтың шын мәнісіндегі тұңғыш халық ақыны, өмір шындығының тендесі жоқ жыршысы, дала халқының рухани байлығын Абайдаймеңгерген және оны көркемдеп бейнелей алған ақын жоқ деп санаған: «Абай, - оның өлеңдері көрсетіп тұрғандай, теңдесі жоқақындық қуат иесі және қазақ халқының зор мақтанышы»...
  Әлиханның Абай турасындағы алғашқы еңбектерін бір шолып оқып шыққаннан-ақ, тұңғыш абайтанушының ақын шығармаларымен кең таныстығы, творчестволық лабороториясын да жақсы білгендігі, сондай-ақАбайды қоршаған туған-туысқандарымен, айналасындағы әдеби орта өкілдерімен достық қарым-қатынаста болғандығы аңғарылады.
  Белгілі Абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» атты еңбегіне енген «Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев» деген тарауында осы екі азаматтың достығы турасында мынадай қысқаша мәлімет береді: «Тұрағұл осы жылдары (1905-1909 жылдары айтып отырса керек) Әлихан Бөкейханмен жақсы танысып, сырлас дос, тілектес, ниеттес болып кетеді». Нақ осындай пікірді Әлиханның немере інісіӘлиханұлы Райымжан деген кісі де хабарлайды. Біздің қолымыздағы тарихи суретте Көкбай ақын және бір топ Семей зиялыларының ортасында Әлихан Тұрашпен қолтықтасып отыр. Қай жылы және қай жерде түсірілгені белгісіз. Сурет Қайым аға мен Райымжан ақсақал айтқан фактіні негіздей түседі (1-сурет).
 «Әуелі кәкітайды 1900-ыншы жылы күзді күні көрдім, қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға берем деп Семейге келгенде, - деп жазды Әлихан «Қазақ» бетінде жарияланған «Кәкітай» атты мүнә иб-мақаласында, - кәкітайдың әкесі Ысқақ – ақын Абайдың інісі. Кәкітайды жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп ішкөп көрмей, Кәкітай орысша оқу, жазу білген. Абай білетін Еуропа пісәтілдерімен Кәкітай да таныс оқыған еді».
  1906 жылдың маусымында Ресейдің І Мемлекеттік Думасына Семей қазақтары атынан депутаттыққа сайланғанда, Әлиханның парламент құрамына өтуіне Абайдың жақын туыстарынан Шәкәрім Құдайбердіұлы мен осы кәкітай Ысқақұлы атсалысқан болатын. Орыс достары – орыс зиялылары мен саяси қайраткерлерінің ұйымдастыруымен, Әлиханның Думаға мүше болып сайлану құрметіне өткізілген салтанатты отырыста қазақ қауымы атынан құттықтап сөз сөйлеген де осы «орысша оқу, жазу білген» Кәкітай еді: «17 маусымда (1906 жыыл) кешкісін бұйрық клубының үйінде Мемлекеттік Думаның Семей облысы қазақтарынан сайланған мүшесі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан құрметіне салтанатты кеш өткізді.
  Орысы, қазағы аралас 40 адамға қонақасы берілді. Г. Романский-Николаевич, (Кәкітай) Құнанбаев және Коншин сөз сөйледі. Құнанбаев мырза өте жақсы сөйледі...»
  Кәкітайдың сол кеште сөйлегені жайында Әлиханның өзі «Кәкітай» деген мақаласында былай деп жазады: «Мен депутат сайланып шыққан соң, Семей қаласының орыстары клубта бізді қонақ қылғанда, орыс шешендеріне Кәкітай жауап қайырған: «Біз Михаэлис фікіріндеміз, солардың шәкірті Ғалиханды сайлауымыздың сбебі осы», - деп». Мақалада сондай-ақ 1908 жылы абақтыға отыру үшін Семейге келгенінде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұлдың келіп көріскендерін айтады: « Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәһкерім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанда осылар тағы келіп амандасқан». Кәкітай бастаған бір топ азамат Әлиханды түрмеден қашырмақ та ойы болған екен. Бірақ халқының ертеңгі күнін ойлаған Әлихан: «Мен қашсам, қырға әтрәд шығып, қазақты қор қылмай ма? Мен қашпаймын, абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы болар», - деп үзілд-кесілді бас тартады.
  Кемеңгер ақынның жақындарымен, оны қоршаған ортаның адамдарымен осындай достық қатынаста болған Әлихан Абайдың өзімен көзі тірісінде көрісетін, араласып тілдесетін жағдайы болды ма? Немесе қазақтың «жалғыз ақыны», «алмасы» деп дәріптеп, шығармаларына ертеден-ақ қызығып, танысып, мақала жаза бастаған Әлихан онымен жүзбе-жүз кездесіп, көрісуді ойламады ма? Міне осындай сауалдар кімді де болса толғандырса керек еді. Әйтсе де « Әлихан мен Абай бір-бірімен жүздесті» немесе «жоқ» деп кесіп айтуға әлі де ерте сияқты. Және де қайраткер ғалым мен кемеңгер ақынның өзара кездесетін де, танысып сыр шертетін де мүмкіндіктері болғандығын дәлелдейтін айғақ-деректер жоқ емес. Әсіресе мына бір тарихи құжат өзіне ерекше назар аудартады. Әлихан талай қоғамдық ұйымдардың немесе ғылыми қоғамдардың жұмысына белсене араласып тұрған, сондай-ақ Семей облысы статистика комитетінің толық мүшесі болған. Мәселен, 1904 жылы «Семипалатинские областные ведомости» газетінде статистика комитетінің 1903 жылы ішінде атқарған жұмысының есебі басылған. Есептің бас жағында комитеттің толық мүшелері мен басқарма мүшелерінің тізім де берілген. Осы толық мүшелерінің қатарында бәріміз де әдебиеттен жақсы таныс Евгений Петрович Михаэлис, оның «шәкірті» - Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы және бірнеше кісілердің есімдерінен кейін Әлиханның аты-жөні де көрсетілген. Бұл Әлиханның Абаймен кездесетін жолы болды ма, жоқ па деген жоғарыдағыдай сауалға толық жауап бере алатын бірден-бір факті болып табылады. Ал «қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған» Е.П. Михаэлиске келсек, Әлихан ол жайында да хабарсыз емес, оның есімі Әлиханның Абай туралы жазып қалдырған барлық еңбектерінде дерлік аталады. Оған қоса 1913 жылы оның қайғылы қазаға ұшырауын қазақ қоғамына білдіріп, «Қазаққа», «Офат» деген мүнәһиб жариялайды. Мақаланы ол Абайдың екі шумақ өлеңін келтіре отырып, «Абай өлеңі Михаэлиске дәл-ау», деп тәмамдайды.
  Қайраткер сыншының мақаланы бұлай аяқтауында терең сыр, Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы Е.П. Михаэлистің алатын орны және аруақты азаматтың достық қарым-қатынасы мәселесіне де Әлиханның ерекше мән бергендігінде жатса керек. «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» мақаласында Абайдың 14 жасынан бастап өлең шығара бастағандығын, бірақ алғашқыда оның өз өлеңдеріне мән бермей, ақын атанудан жүрексініп, арланып жүретіндігін тартымды суреттейді.
  Мәселен жоғарыда айтылған «Офатында»: «Қазақтың жалғызы, ақыны Абайды тура жолға салған осы Михаэлис еді. Абай өле-өлгенше «менің көзімді ашқан, маған жанашырлық қылған Михаэлис еді», - деп айтып отырушы еді», - деп жазды. Ал арада екі жыл өтіп, 1915 жылы «Қазақта» жарияланған «Жаңа кітаптар» атты мақаласында: «Михаэлис - Абай ұстазы. Михаэлис болмағанда, бұған Абай шимайлы ғұмыр жолында жолықпаса, Абай ана «Қозы Көрпеш-Баянды», «Тарғынды», «...қыпшақ Қобыланды батырды», «Едігені» шығарған ақындар аяғын құшар еді. Неше жыл Михаэлис Семейде тұрғанда, Абай әрқашан декабірден мартқа шейін қалада жатып, кеш сайын Михаэлиспен көріседі екен», - деген ойлары айтылған пікірді аша түседі.
                                                ***
  Бұдан 85 жыл бұрын қазақ халқының рухани өмірінде ерекше бір оқиға болды: ұлы ақын Абайдың тұңғыш жинағы Ресейдің сол кездегі астанасы - Санкт-Петербордан басылып шықты. Әлбетте, дәл басылып шыққан сәтте бұл кітап соншалықты бағалана да, елене де қоймаған еді. Әйтсе де, Абайдың кейінгіге қалдырған асыл мұрасы бүкіл адамзат қоғамының сарқылмас рухани қазынасы қатарынан орын алып, ал оның есімі барша жұртқа танылған шақта, ұлы ақынның тұңғыш жинағының туған халқының мәдениет пен өнер тарихындағы теңдесі жоқ ғажайып бастауы болғандығын соншалықты теерң сезінесің.
  Бұдан 90 жыл бұрын «...ана « Қозы Көрпеш-Баянды», «Тарғынды», «... қыпшақ Қобыланды батырды», «Едігені» шығарған ақындар аяғын құшпасын», - деп деркезінде дабыл қағып, «қазақтың жалғызы, ақыны» мұрасын ізін суытпай, жинап бастыру мәселесін бірінші болып көтеріп және ол жинақтың Семей, Омбы, Қазан қалаларын асып, сонау Санкт-Петербордан жарық көруіне «ыждаһад» қылған нағыз жанашыр азамат – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан еді. Ендігі сөз осы турасында болмақ.
  Көрнекті абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» деген кітабының «Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев» атты тарауында Тұрағұл «әкесі өлген соң, немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге, оның (Абайдың) әдеби мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеу ісіне кіріседі. Ең алдымен Абайдың өлеңдерін өмірбаяны туралы мағлұматтарды өздеріне бұрыннан таныс Әлихан Бөкейхановқа тапсырады», - деген мәлімет берілген. Бірақ ол екеуінің «Абайдың өлеңдерін, өмірбаяны туралы мағлұматтарды» жақын жердегі Қарқаралыда тұрып жатқан Ахмет Байтұрсынұлына, не болмаса Міржақыпқа тапсырмай, 600 шақырымдай жердегі Омбыда қызмет етіп жүрген «бұрыннан таныс» Әлиханға алып барып тапсыруларының себебі неде? Себеп: 1904 жылдың маусымында Омбыда переселен басқармасының чиновнигі қызметінде жүрген Әлиханға қайғылы хабар жетісімен, ол Абайдың жақындарына көңіл айтып, хат жазған. Хатында ол марқұмның мұрасын жинап кітап етіп басындар деп ақыл-кеңес берген. Мұны Әлихан өзінің «Кәкітай» атты мақаласында айтқан. «1904-інші жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басындар деп балаларына хат жаздым». Демек, Абайдың өлеңдерін жинап бастыру мәселесін ақын дүние салысымен тұңғыш көтерген, сөйтіп, Тұрағұлдың «әкесі өлген соң, немере ағасы Кәкітай Ысқақұлымен бірге оның әдеби мұрасын жедел жинап, баспаға әзірлеу ісіне» кірісуіне ұйтқы Әлихан болып отыр ғой. Яғни «Абайдың өлеңдерін, өмірбаяны туралы мағлұматтарды, өздеріне бұрыннан таныс Әлихан Бөкейхановқа тапсыруының» басты себебі де Әлиханның хаты болған. Бұ хат өкінішімізге орай сақталмаған. Әйтсе де, хатты ол ақынның балаларына «марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар» деп кеңес берумен шектелмей, кітапты басуға көмек беруге өзінің дайын екендігін және өмірбаяны туралы мағлұматтардың келешекте жазуды жоспарлап отырған мүнәһиб-мақаласы үшін керектігін білдірсе керек. Тұраш пен Кәкітайдың жиған-тергендерін 600 шақырым жердегі Омбыға, Әлиханға алып барып тапсыруының тағы бір сыры осында жатыр.
  Алайда мәліметтер мен ақын өлеңдерінің қолжазбасы Әлиханның қолына тек келесі жылдың сәуірінде ғана тиген. Хатын алған соң Кәкітай мен Тұраш әкесінің өлеңдерін жинауға кірісіп, жинап-тергенін біртіндеп Мүрсейіт деген моллаға «реттеп жаз» деп тапсырып отырған. Бұл туралы Кәкітайұлы Әрһам былай есіне алады: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай қос тұрғызып, Мүрсейіт молланы шақыртып алды да: « - Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз, - деп оңаша қосқа отырғызды...Бір ай шамасында көшірімді әзірлетіп алып, Кәкітай Семейге жүріп кетті. Жол шығынына екі семіз ат, екі семіз түйе әкеткен-ді. Малын Семейде ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды». Әрһам естелігінде қателесіп отырса керек: Бұл туралы Кәкітайұлы Әрһам былай есіне алады: «1906 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай қос тұрғызып, Мүрсейіт моланы шақыртып алды да: « - Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерінреттеп жаз, - деп оңаша қосқа отырғызды... Бір ай шамасында көшірімді әзірлеиіп алып, Кәкітай Семейге жүріп кетті. Жол шығынына екі семіз ат, екі семіз түйе әкеткен-ді. Семейде малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды». Әрһам естелігінде қателесіп отыса керек: бұл 1906 жылдың жазы емес, Абай марқұм болған 1904 жылдың жазы болатын. Ал кәкітай қолжазбаны алып Омбыға Семейден 1906 жылы емес, 1905 жылдың сәуірінде жеткен. Оны алдыменӘлиханның «Кәкітай» деген мақаласындағы: «1905 жылдың әпрел аяғында Кәкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыға маған келді», - деген жолдары дәлелдейді. Екіншіден, Әлихан Бөкейханның ұлы ақын өмірі мен шығармашылығы туралы жазған, кейін қазақ әдебиетіндегі абайтану ілімінің қалыптасуына негіз болған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты асыл туындысындағы «Биографические данные для этого некролога дсотавил племянник Абая Какытай Скакович Кунанбаев» - деген жолдары негіздей түседі. Ал бұл мақала алғашқы рет 1905 жылдың қарашасында жария көрген болатын («Семипалатинский листок», 25,26,27. ХІ. 1905 года, №250-252. Семипалатинск). Ал үшіншіден, Кәкітайдың 1906 жылы көктемде не жазда Омбыға баратын жөні жоқ. Өйткені Әлихан ол уақытта Омбыда жоқ-ты. 1906 жылы қаңтардың 8-інде Павлодар оязының Ямышевский поселкесінде ұсталып, Павлодар түрмесіне жабылған Әлихан 4 жарым айдан аса уақыт отырып, сәуірдің 30-ында бостандыққа шыққан. Бостандыққа шыға салысымен ол енді өзін І-Мемлекеттік Думаға ұсынғандықтан тағы да Семейде қалған. Бұл кезде Кәкітайдың Әлиханға дауыс беруге шақырған үгіт-насихат жұмысынан қолы босамаған. Әлихан Думаға сайланғаннан кейін оның салтанатты кеште құттықтау сөз сөйлегендігі жоғарыда айтылған-ды.
  «1905-інші жылдың әпрел аяғында» қолына қолжазба тиген соң, Әлекең енді оны кітап етіп бастырудың қамына кірісіп жолға шығады: « ... 5-інші майда Семейге қазақ пен саясат ісін кеңесуге мен бұғып бардым. Пароходта Кәкітаймен бірге жүрдік». Оның Семейге келгендегі негізгі мақсатының бірі ақынның тұңғыш жинағын орыстың география қоғамының Батыс Сібір бөліміне қарасты Семей бөлімшесінің баспаханасынан шығармақ еді. Оның өзіндік сыры бар-ды. Мәселен, ол орыстыңимператорлық география қоғамының Омбыдағы Батыс Сібір бөліміне 1896 жылы толық мүше, ал 1901 жылы бөлімінің басқару комитетіне мүше болып қабылданған еді. Кейінгі жылдары ол басқару комитетінің мүшесі ретінде қоғамның Семей бөлімшесін ашуға күш салды. Семейлік бөлімше ашыла сала Әлиханды өзінің құрмет мүшесі етіп сайлауы – соның айғағы. Қысқасын айтқанда, қоғамның Семейлік бөлімшесінің алдындағы Әлиханның абырой-беделі зор болды. Оған қоғамның «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О» атты кітабының 1911 жылы басылып шыққан 5-санындағы «Член Распорядительного Комитета Зап. Сиб. Отдела г. Букейхан посетил музей Подотдела (Семипалатинского)» - деп салтанатты түрде жазлыған жолдары куә бола алады. Осы кітаптың келесі бетінде-ақ сондай-ақ Әлиханның бөлімшеге келіп, екі мақала тапсырғаны айтылады: «Комитет Подотдела приступил к собиранию материала для следующей книжки «Записок», для которой приступили 2 статьи А.Н. Букейхана: «Абай (Ибраһим) Кунанбаев» - некролог, киргизского народного поэта в связи с характеристикой его творчества и «Список обамна реке Слеты Коржункульской волости Акмолинского уезда». Сөйтіп, ол өзінің абырой-беделін пайдаланып, Абайдың өлеңдері жинағын Семейлік қоғамның баспасынан шығармақ болып келіседі. 1905 жылдың майында тапсырылған мақалалар «Записки...» кітабының 1907 жылғы ІІІ санында жарияланады да, ал 1906 жылы басылмақ болып жоспарланған жинақ шықпай қалады. Оның басты сыры - Дала өлкесіндегі саяси-әлеуметтік ахуалдың күрт өзгеруінде болатын. Дегенмен де ұлы ақынның алғашқы жинағы араға үш жыл салып, Семей, Омбы, қазан асып, 1909 жылы Санкт-Петербордан жарыққа шығады. Осы жерде Әрһам Кәітайұлының естелігіне қайта оралмасқа болмайды. Өйткені ол естелігінде кітаптың Ресей астанасынан жарық көруін әкесі -Кәкітайдың іс-әрекетінің нәтижесі еді деген қорытындыға келеді: «Малын Семейде ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім, - деп хатты жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім деп тағы хат жазды. Бір жұмадан соң: «Қазан қаласындағы баспаханалардың басуға уақыты болмады. Сондықтан Санкт-Петербор баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша салыңдар», - деген телеграмма келді». Ал Міржақып Дулатұлы ертеректе «Қазақ» газетінде жарияланған «Абай» атты мақаласында бұл пікірді басқаша түрде айтады: «1905-інші жылы «Семипалатинскийлисток» газетасында, одан кейін Се,мейдегі «Географишески обществоның» шығарған кітабында Ғалихан Абайдың тәржіме халін жазды, Һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады. 1909-ыншы жылы Абайдың балалары мен інілерінің ризалығы һәм Ғалиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бораганский баспасында басылып шықты». Яғни кітаптың шығуына Әлихан да атсалысқан.
  Әлиханның Абай жинағына қатысы туралы Қ. Мұхамедханұлы зерттеп, «Семей таңында» мақал жариялаған кезінде. Дегенмен де ғалым ағамыздың зерттеуіне қосатын тың дерек-айғақтар мен пікірлеріміз де жоқ емес.
  Ресейдің 1-Мемлекеттік Думасына сайлау науқанын қызып тұрған кезі. Осы сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысымен Омбыдан шығып, Семейге келе жатқан ӘлихандыПавлодар түбінде, Ямышев поселкесіне тыныстап тоқтаған жерінен тұтқындап, Павлодар түрмесіне жабады. Бұл -1906 жылдың 8 қаңтары күні өзін тұтқындаған кезде Абай өлеңдерінің қолжазбасы қолындағы портфелінде кеткен екен. Есін жия сала Әлихан Павлодар қаласының 2-інші учаскесінің сот қызметкерін шақыртып алып, былай деп арыз қылады: «1906 г. Январь, 10 дня, г. Павлодар, мне, мировому судье 2-го участка Павлодарского – уезда, при посещении сего... (бұл сөз оқылмады – С.А.) арестованный пошифрованной телеграмме ротмистра Рутланда из г. Омска Алихан Нурмухамедович Букейхан (ов), содержащийся в Павлодарской тюрьме, заявил, что он просит... принять меры по сохранению рукописи на киргизском языке, имеющейся в арестованном у него портфеле, содержащую стихотворения т.к.она оценивается в 5 тыс. руб., стихотворения эти принадлежат киргизскому поэту А.Кунанбаеву». Алайда оның арызымен танысқан прокурор да, жандармерия бастығы да, тіпті Сібір Әскери округының бас қолбасшысы ла төте жазумен жазылған қолжазбаға күдіктеніп қарайды. Дала өлкесінің діни-саяси қозғалысының көсемі» Әлихан Бөкейханның портфелінен «діни-саяси қозғалысының көсемі» Әлиханның Бөкейханның портфелінен шыққан қолжазбаны олар патша өкіметіне қарсы жазылған саясми үндеу немесе өздерінің үстінен патша ағзамызға жазылған педиция ма деп қабылдап, шынымен-ақ секем алып қалады. Құпия хаттар оқитын эксперт маман шақыртады, одан кейін қазақша қара танитын адам алдырып, қолжазбаны оқытады. Текстін орысшаға аудартып тексереді. Бұған Ресейдің бүгінгі Орталық Мемлекеттік архиві қорынан (бұл бұрынғы ЦГАОР СССР» - С.А.) табылған Омбы жандармерия бастығының Сібір Әскери Аймағының бас қолбасшысы атына жолдаған мынадай «аса құпия» хаты мысал бола алады: « Произведенным у Букейхана обыском обнаружена на киргизском языке, две тетради (Абай өлеңдерінің қолжазбасы), заключающие в себе, тоже на киргизском языке, рукописные стихи известного киргизского поэта, оценного Букейханом в пять тысяч рублей и «Программа российской социал-демократической рабочей партий»... Суд по признаком преступления, предусмотренного 126 и 132 ст. Уголовного Уложения – ничего преступного переведенных с киргизского языка рукописях, принадлежащих Букейхану, обнаружено не было, и в силу отсутсвия возможности до настоящего времени удсотоверить агентурные указания на безусловную принадлежность его к преступному сообществу, ... предьявить ему, Букейхану, какие-либо обвинение с юридической точки зрения не представилось возможным».Жандармерия бастығы өзінің құпия хатында Әлиханды «... известный пропогандист, бывший душою всех митингов и петиции и противоправительственных агитаций и как главный инициатор и руководитель религиозно- политического движения киргиз» деп сипаттайды. Сөйтіп, қолжазба өзінің жанашыры Әлиханмен бірге «тар жол-тайғақ кешуден» өтеді, бостандыққа да Әлекеңмен бірге 1906 жылдыңғ мамырына қарай әзер шығады: «15 апреля меня перевели в Омскую тюрьму, откуда выпустили 30 апреля, когда стало известно, что я единогласно избран выборщиком в своей волости»... Одан кейін де Әлиханның қолжазбамен айналысар шамасы болмайды. 1906 жылдың күзіне дейін 1-Думаның мәселесімен шұғылданады. Сол жылдың күзінде ол ІІ-Думаға қазақтан өкіл сайлау науқанына белсене кірісіп кетеді. Ал 1907 жылдың 18-желтоқсанында Санк Петербор сот палатасының Төтенше мәжілісі Әлиханды «Халыққа-халық өкілдерінен» атты, бізге «выборг үндеуі» ретінде таныс үндеуге қол қойғаны үшін 3 айға түрмеге жабылсын деген үкім шығарады. Үкім 1908 жылдың 21 қаңтарында заңды күшіне еніп, Әлихан жоғарыда сөз болған Семейдегі абақтыға жабылады. 1908 жылдың наурызында бостандыққа шыққан ол енді Самарға жер аударылады. Осы сәттен бастап ол Абайдың айналысар уақыт табады.
  Самараға жер аударылған уақыттан бастап Санкт-Петерборда шығып тұрған орталық «Сибирские вопросы», кадет партиясының «Речь», «Новая жизнь» секілді газеттерімен қоса, мұсылман халықтарының « в мире мусулманства және «мусулманская газета» сияқты басылымдарымен тығыз байланыс орнатқан Әлиханның осы мұсылман газеттері басылып шығып тұрған баспаханың иесі – Ильяс Бораганскиймен танысты болған. Ұлы Абайдың тұңғыш жинағының тағдыры – Әлиханның осындай таныстық-тамырлығының арқасында шешілді. Р. Мұсаұлы мақаласында жазғандай: «... қиыр шетте жатқан қыр қазағының (Кәкітайдың) сонау Ресей империясының астанасына барып, мұсылман халықтары тілінде кітап шығаратын баспахананы тез таба қоюы» мен «оның (баспаханың) басқа жұмысы жоқтай, кедергі-бөгетсіз басы-аяғы бір жұмада келісім-шарт жасаса қалуының» басты сыры осында. Өзінің таныстық-тамырлығын салып, саяси бедел-ықпалын пайдаланып, елінде шықпай қалған кітапты әкеліп Ресейдің астанасы – Санкт-Петербордан шығартқан - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан болатын.
  Әлихан мен Абай арасындағы байланыс дегенде қысқаша тілге тиек келген жайлар осындай.

Аққұлыұлы С. Әлизан және Абай // Қазақ әдебиеті.- 1994. – 28 шілде. – Б. 5-6.