Елі үшін құрбандыққа жанын берген ...

( Әлихан және оның ұрпақтары – Үкітай, Евгений, Петре және Сырым турасында )

 1917 жыл. Семей. Күз..
 « Кешке жақын, 21 октәбірде, бұрынғы жандарал мекемесі « Бостандық үйіне » қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді... « сегіздегі бала, сексендегі шал да қалмай дегендей , тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушыды. Бір-біріне жолыққанда қуаныштан аман-салам деуді ұмытып, сөздері. « поезд қашан келеді? » – деу ғана еді. Бұлар кімді тосады? Бұлардың поезд келген-келмегендігінде не ісі бар? Әлде, « генерал-губернатор келеді, даяр болыңдар » - деп жандарал өмір берді ме?
 Жоқ...Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз « қанын сорған битін » тосып жиылған қазақтар емес. Ерікті қазақтар , елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ерің кім еді? Ол ері:
 Елі үшін құрбандыққа жанын берген,
 Бит, бүрге, қандалаға қанын – берген,
 Ұрадай сасық ауа темірді үйде
 Алаш үшін зарығып бейнет көрген;
 Заманда басқан аяқ кейін кеткен,
 Жасымай Алашына қызмет еткен,
 Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
 Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен;
 Түймеге жарқылдаған алданбаған,
 Басқадай бір басы үшін жалданбаған,
 « Қайткенде Алаш көркейер » деп ойдан
  Басқа ойды өмірінде малданбаған, - Ғали Хан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан еді » - деп, туған халқын екі ғасырдан аса уақыт қанап келген, өзім соған қарсылық білдіргені үшін талай жылдарға ит жеккенге айдаған қанішер патшаны тақтан түсіріп, жол-жөнекей бүкіл ресейлік Өфе ( Ұфа ) мәжілісі мен жалпы сібір съезіне қатысып, Алты Алаштың сонау Жәнібек пен Керей заманынан бергі аңсаған арманы – Қазақ автономиясын жариялағалы келе жатқан Әлиханды халқының қалай қарсы алғанын ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы « Сарыарқа » бетінде осылай суреттеп жазған еді.
 Ал арада бес жылға жетер жетпес уақыт өткенде...
 1922 жыл. Тоқырауын. Жаз...
 Жаңа большевиктік өкіметтің Қазақстанда жүргізген ұлттық саясатымен келісе алмай, мемлекеттік жоғарғы қызметтен бас тартып, Тоқырауындағы елінде демалып жатқан Әлиханды өкімет енді елінен аластатып, Мәскеуге күштеп жер аударады. Өкіметке қызмет етуден бас тартқанмен, халқына қызмет етуді борышым деп санаған ол Мәскеуде қол қусырып отырған жоқ. Халқының тарихын, жер-суын, мәдениетін, әдебиетін жан-жақты зерттеп көптеген ғылыми, әдеби еңбектер жазады.
 Алайда, Әлекең елінен сол кеткеннен мол кеткен-ді. Өйткені еліне оралуға өкімет рұқсат бермейді, елді дүрліктіреді деп қорқады. 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының И.Руденко бастаған ғылыми экспедициясымен бірге келгенінде оны большевик жендеттері тұтқындап, Мәскеуге қайтарып жібереді. Ал 1927 жылдан бастап оны 10 жыл бойы Мәскеуге пәтеріне қамап ұстайды. Ақыр соңында 1937 жылдың шілдесінде ол тұтқындалып Бутырка түрмесіне жабылады да қыркүйек айында «Мәскеуде және Қазақстанда контрреволюциялық ұйым ұйымдастырдың және оған басшы болдым» деген ел құлағы естімеген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ іске асырылған.
 Алайда, 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылған жалғыз оқ қазақ халқының 19 ғасыр соңымен 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін қалаған әрі оның бүкіл ресей жұртшылығы мойындаған саяси көсемі болған, ғұлама болған әрі көсем сөзшісі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның өмірін алса да оның есімін, халқының жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын жұмсап атқарып кеткен қызметін халық жадынан өшіре де, оның кейінгіге қалдырған мол ғылыми мұрасы мен артында қалдырған ұрпағын жоққа шығара да алмады. Кезінде өзі негізін қалап кеткен егемендік пен саяси тәуелсіздіктің дәмін енді-енді сезіне бастаған өазақ халқы оның есімінде, атқарып кеткен қызметінде арада 70 жыл уақыт өтсе де ұмыт қалдырған жоқ...
 1992 жыл. Ақтоғай. Шілде...
 Жезқазған облысының Ақтоғай ауданында облыс – аудан әкімшіліктері мен жұртшылығы бірігіп, Ақтоғайдан шыққан Алаштың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлемхан Ермекұлы, Жақып Мырза Ақпайұлы сынды азаматтарына ас беріп, бата оқытып, үш арыстың мерей тойын өткізген болатын. Сол мерейтойға Әлиханның ұрпақтары – Мәскеуден Евгений, Петре және Алматыдан Сырым арнайы шақырылған еді. Ақтоғай елі бұл үш азаматты 1917 жылдың күзінде қазақтың тұңғыш Автономиясын жариялағалы келген Әлиханды тосып алғандай дүрлігіп, 1922 жылы Мәскеуге күштеп жер аударылып, атылып кеткен асқар таудай азаматының аруағы тіріліп, орталарына қайта оралғандай сезініп, «сегіздегі бала, сексендегі шалға» дейін жыласып, көрісіп, бүкіл ел болып жасасып қалған еді. Мерейтойдың үстінде Әлиханның дүниеге келген бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының нөмірі 7 ауылы орнына тұрғызылған « Қаратал » кеңшарына Ақтоғай аудандық кеңесі мен әкімшілігі шешімімен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан есімі берілгендігі мәлім болды. Қайраткер ғалымның есімі сондай-ақ жергілікті мектепке де беріліпті. Оның себебі – ол мектептің негізі кезінде біртуар азаматтың Мәскеуге айдалып кетіп бара жатып қалдырып кеткен өсиеті бойынша тұрғызылған екен. Кетер алдында ол Смахан деген інісіне, «Осы жерге мектеп тұрғызып, бала оқытыңдар» - деп қағазға жазып тапсырып кеткен. Алғашқыда сабақ лашық үйде жүргізіліп, кейін оның орнына осы күнгі мектеп тұрғызылған. Енді оның ұрпақтарына оралайық.
 1902 жылы өмірі мен қызметінің Омбы кезеңінде Әлихан өзінің саяси сыбайласы әрі қызметтесі (журналист) Омбыға жер ауып келген Яков Севостьяновтың қызы – Елена Яковлевна Севостьяноваға үйленеді. Үйленер алдында Әлихан шешесі Бегім ханымның батасын алайын деп еліне келгенінде, болашақ келінінің орыс екендігін есітіп білген шешесі оған: «Қарағым, мойынында кресі бар келінімнің маңдайынан мен қалай сүйемін?. Маған оныңды көрсетпе», деп қайтарып жіберіпті. Ал Еленаның әкесі ақ батасын берерінде қызына былай деген екен: «Әрине, сен Әлиханнан асқан күйеу таба алмассың, бірақ, сенің діні басқаға шыққаныңды жұрт қолдай қоя ма?. Әлиханның да хрестян қызына үйленгенін халқы қуана қарсы алмас? Қалғанын өзің шеш. Мен қарсы емеспін». Айтып-айтпай не керек, Әлихан Еленаға үйленіп, одан Елизавета және Үкітай ( паспорттағы есімі – Сергей ), деген екі перзент сүйеді. Мәскеуге жер аударылғаннан кейін, қызы Елизавета Мәскеу университетінің медицина факултетін, ұлы Үкітай – Тау-кен институтын оқып бітіреді. Елизавета әкесінің жолын қуып ғылыммен айналысып, медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін көтеріліп, 1970 жылы дүние салған. Ал Үкітай – Сергей оқуын бітіргеннен кейін, халқымыздың ардақты азаматы Қаныш Сәтпаевпен бірге Жезқазған өңірінің жер байлығын игеру жолында көп еңбек сіңірген. Алайда, әкесінің мойынына тағылған « Халық жауы » деген сөз баласына да салмақ болып тиеді. Соның салдарынан қуғын-сүргін көріп, елінен сырт жерде қашып жүріп қыршын кеткен еді. Оның жалғыз ұлы Евгений 1938 жылы яғни атақ даңғы жер жарған атасы – Әлиханның ату жазасына кесілген жылдан бір жыл кейін өмірге келеді. Атасының көзін көрмей, күні қуғын-сүргінде өткен әкесімен де айында-жылында бір көрісіп, жоқшылық пен аштықтың зардабын тартып тірі жетім болып өскен Евгений өзінің қазақ екендігін ұмытып та үлгерген сияқты еді. Ал оның жалғыз баласы, атом энергетикасы институтының 5 курс студенті – Петре бабасының кім болғандығы жайынан тіпті хабарсыз болатын. Өзінің қазақпен шатысы бар екендігі үш ұйықтаса да түсіне кірмеген жайы еді. Кенет...Аспаннан жай түскендей Қазақстанның қайдағы бір Ақтоғай ауданынан шақыру қағазы?...
 Сырымның орны бөлек. Ол – Әлиханның інісі Әзі ханнан туған Райымжанның үлкен ұлы. Атасы Әлихан жайында көп есітіп, көп білетін де – осы Сырым. Оның себебі, Сырым бала күнінде Мәскеуге барып, «Лиза тәтесінің» ( Әлиханның қызы ) қолында, соның тәлім-тәрбиесін көріп өскен Елизавет жалғыз баласы – Ескендір Смағұл ұлы Садуақасов қаза болғаннан кейін, осы Сырымды асырап бала қылып алмақ ойы да болған екен...Сырым өсе келе Санкт-Петерборда сәулет өнері институтын бітіріп, Мәскеуде аспирантурада оқыған, кандидаттық диссертациясында Мәскеуде қорғап келген.
 Сырым мен Евгенийдің сырт пішіндеріндегі ұқсастыұ көзге бірден көріне қоймаса да, бойларында ортақ қасиеттері жоқ емес. Екеуі түйдей құрдас. Екеуінде де әйгілі атасынан қалған ақындық дарын мен ғылымға деген құштарлық бар. Евгенийдің ақындығы атасының еліне, Ақтоғайға келгенінде аңғарылса, Ал Сырым сонау 1955 жылы Алматыдан қуылғанда іштегі ашу қысасын өлеңмен тарқатқан:
 Травили волка всей округой:
 « Ату его, ату ! »
 И только бег его упругий
 У нес за красную черту.
 Травили и его не други:
 « Опасным стал Ахан ( Әлихан ) ! »
 И зная что идет на муки,
 Покинул Казахстан !
... ... ... ... ...
 Вдали от родины тоска кричала:
 « Ату его, ату ! »
 Родные и друзья молчали,
 Слова глотая на лету,
 Как страшно умереть при жизни:
 « Ату его, ату ! »
 Ты живь еще, но ты же лишний –
 Ушел за красную черту.
 Ал Евгений атасының еліне келіп, туған-туысқандарымен танысып, табысып, астына ақбозат мініп, иығына шапан жабынып қайтып бара жатқанында « Мен Ақтоғай деген елді, жерді бұрын естіген де, көрген де емеспін. Үлкен әкемнің аруағының арқасында қадырлі мекеннің суын ішіп, дәмін таттым. Ақтоғай келіп бүкіл қазақ халқының қонақжайлылығын, ұлылығын, еңбекшілдігін, ұйымшылдықтарын таныдым. Менің де бойымда қазақтың қаны бар. Сол арқылы Ақтоғай менің жұрегімде мәңгі орнығып қалатын болады» - деп сыр шерткен еді. Үстіміздегі жылдың қаңтарында «Қыр баласы – Әлихан Бөкейхан» атты телехабар түсіру мақсатымен Санкт-Петербург мен Мәскеуге барған сапарымызда Евгениймен жолыққан едік. Сонан кейін Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қонақ үйіндегі бөлмемізде отырып біраз сыр шертіп, әңгімелескен едік. Евгений Сергейевич сол жолы Ақтоғайға барғандағы әсерлерін көп әңгімеледі. Алған әсерлерін өлең етіп жазған екен. Біраз өлеңдерін оқып та берген еді. Евгений Сергейевичтің қонақ үйдегі әңгімесінен қалғаны оның «Я – сын двух народов» деген сөздері еді. Кейін оның өлеңдерін оқып отырғанымда маған оның осы сөздері өлеңдерінің әрбір жолында жазулы тұрғандай көрінді...

Сұлтанхан Аққұлыұлы Елі үшін құрбандыққа жанын берген // Қазақ әдебиеті.-1996. - № 2. - 9 қаңтар. - Б. 10-11