І - МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА және оған мүше болған қазақтар

Ресей монархиясы тұсында қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған тұлғалар хақында бүгінгі оқырманға беймағлұм, ресми тарихнамаға түспеген деректер.

 Батыс Еуропамен алыс-берісі бар орыс оқығандары өткен ғасырда-ақ монархиялық билік Ресейдің түбіне жететінін айқын аңғарды.Бұл ретте дел-сал күйдегі Ресейді шіркеу қоңырауын қағып оятқан декабристер еді. Міне, сол 1825 жылдан басталған саяси серпіліс үстіміздегі ғасырдың басында жаңа сипат алды. Ресей зиялылары өркениетке аяғы ілінген елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, 1905 жылдың аяғында Бірінші Мемелекеттік Думаны шақыруға уақыт жетті деп шешті. Кешікпей Дума 1906 жылы сәуір айында Петерборда өтетіндігі мәлім болды. 1905 жылы қазан-қараша айларында Думаға өкіл сайлау науқаны басталып та кетті.
 Дума бүгінгі парламент тақылеттес ел басқару буыны екені белгілі. Демократияның исі мұрнына барған Ресей қайраткерлері халықтың үнін тыңдамай мемлекеттің ұзаққа шаппасын ұққандықтан, алпауыт империяның әрбір губернесін мекендеген әрбір ұлттан санына қарай белгіленген мөлшерде кісі сайлауды жөн көрді. Әйтсе де бұл шешім биліктің түтқасын ұстағандарға түрпідей тиді. Әлбетте бірнеше ғасыр бойы тізгінді тарта ұстаған өкімет, біреудің бақытсыздығының есебінен өзіне бақыт қондыруға арланбаған өкімет, хұқық деген әулие ұғымды шартты деп білген өкімет сайлау барысындағы ұлттар ара салмағының тепе-теңдігіне түбегейлі қарсы болды. Николай патшаның бас уәзірі С.Ю. Витте 1905 жылы 26-қазанда И.В.Гессенмен жасаған сұхбатында: «Мемлекеттік Дума қызметі кеңейтіледі. Мен негізінен жалпылық сайлау хұқын жақтаймын (яғни, сайлау кезінде ұлт есептелмейді, қаперде аймақтарды мекендеген адамдардың жалпы саны болады.- Авт.). Осы пікіріме аларым да, қосарым да жоқ. Тағы да айтамын: мен тепе-тең сайлау хұқына қарсымын» («Наша жизнь» газеті С.-Петербор, 27.10.1905 жыл) , - деуі бұл сөзімізді растайды.
  Көрер көзге анық байқалған осы қиянатты қазақ зиялылары қалай қабылдады дегенге келсек, архив деректері мұның да жауабын табуға жәрдем тигізді. «Семипалатинский листок» газеті 1905 жылы 16-шы қараша күнгі 243-санында былай жазады: «12-қараша, сенбі күні Семейдің Слободкасында тұратын ауқатты бір кісінің үйіне кездейсоқ 30-ға тарта аса бай, беделді қазақ зиялыларының басы қосыла қалды. Осы жерде 17-қазан манифестінің қазақ тіліндегі нұсқасы мен түсіндірмелері оқылды. Бұл жөнінде хабарсыз болып келген олар заманның өзгеретінін біліп қуанысты. Бас қосу барысында зиялылар қазақ елінің мұқтаждықтарын айтысты. Ақыры ойласа келе граф Виттеге мынандай мазмұнда хат жолдады: «газеттердегі ақпарлардан мәлім болып отырғандай, Семей облысынан Мемлекеттік Думаға казактардан – 1 депутат, мұжықтардан – 1 депутат, қазақтардан – 2 депутат сайланбақшы екен. Соңғы сынаққа қарағанда, облыста 32.779 казак, 63.130 мұжық, 625.550 қазақ тұратыны белгілі болды. Сонда қалай, он тоғыз қазақтың саяси хұқығы бір казак және екі мұжықпен тең болғаны ма?
 Биік мәртебелім, біз сіздің әділеттігіңізге, ұлтымызға ықыласпен қарайтындығыңызға сене отырып, жоғарыда санақтық деректерді Далалық өлке халықтарының өкілдік хұқын анықтарда назарыңызға алуыңызды өтінеміз».
 Семейде қазақ зиялыларының бұл өтініш хаты жазылып жатқан кезде сонау Мәскеудегі Морозов үйі мен Романовтың концерт залында ел-елден жиылған саясат қайраткерлері болашақ Дума жөнінде қызу пікірталас жүргізіп жатқан-ды. Шынын айту керек, осы 6-13 қараша аралығында өткен Ресей мемлекетінің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлерінің бірінші және ең соңғы сиезі І-Думаның бағдарламалық нысанасын анықтап бергенін тарихшылар әлі айтқан жоқ. Бұл сиез алдағы І-Думаның 36 бөлімнен тұратын «Ресей империясы халық өкілдерінің Құрылтайы (Учеридительное собрание) жөніңдегі Ереженің» жобасын жасады. Дәл осы сиез өкімет алдына Ресейде бұрын-соңды болмаған: «Әрбір азамат ұлтына,дініне, сеніміне қарамай сайлау хұқығына ие. Тепе-теңдік сайлау хұқы сақталынсын», - деген талап қойды. Аталған жиынға қазақ ұлтынан делегат ретінде жалғыз Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан қатысты («Семипалатинский листок», 30.11.1905 жыл).
 Сиездің ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған қазақ тарихындағы алар орнының қандай екенін Ә.Бөкейханның сол жиында сөйлеген төмендегі сөзі-ақ аңғартса керек: «Мен – Оралдан Алтайға дейін, Сібір темір жолы желісінен Омбыға дейін созылған көң даланы мекендеген төрт миллион қазақ халқының өкілімін. Осында сөйлеген поляк, латыш, малорос өкілдерінің сөзін тыңдай отырып, мен ескі кітапты оқығандай боламын. Бізде де қазақ тіліндегі мектептер қуғын-сүргінге ұшырауда. Бізді де цензура аямай жаншуда. Мысалы, қазақ тіліне аударылған И.Крыловтың 46 мысалын бастыру үшін цензурадан рұқсат ала алмай сандалғаныма 13 ай өтті. Крестьян начальниктері (көбінесе бұрынға ротмистрлер) қазақ тіліндегі істерді қарауға мойын да бұрмайды. 18-ақпандағы бұйрықтан кейін қазақтар жиналып, өз мұқтаждықтарын петицияға түсірген еді. Бірақ пошта ол петицияны Петерборға жіберуден бас тартты. Мұнан соң петицияны жақын арадағы (400 шақырым) екінші бір қаладан жібермек болғанымызда, тағы да жаңағы оқиға қайталанды. Бұл да болмағаннан кейін келесі бір (760 шақырым әрідегі) қаладан зорға дегенде жөнелттік
 Қазақтың мұқтажы шаш-етектен. Алайда ең бастысы – ана тілімде емін-еркін сөйлесем, тіл бостандығы болса екен дейді бұл ұлт. Сайлау науқанының таяғанын жадымда ұстап, мен әлгінде ғана «сиез жергілікті тілдерді шектеудің барлық түрі тиылсын деп шешім шығару қажет» деген мырзалардың ұсынысын қуаттаймын» («Семипалатинский листок», 8.12.1905 жыл).
 Не керек, Думаға даярлық жұмыстары осындай саяси, ұлттық-әлеуметтік теңсіздік тұсында жүрді.
 Мемлекеттік І-Дума өз жұмысын белгіленген уақытында, яғни 1906 жылы 27-сәуірде бастады. Жиынға негізінен, кадет, социал-демократия, трудовик партияларының мүшелері қатысты. Думаның төрағасы болып С.А. Муромцев, төрағаның серіктері қызметіне кінәз Долгоруков және Гредескул, хатшылығына кінәз Шаховский сайланды. Бұл қайраткерлердің бәрі де сол кездегі орыс қоғамында аса беделді азаматтар еді. Олар алды бұлыңғырланған мемлекет халіне шындап жаны ауырғандар санатында болатын.
 І-Дума ресми үш-ақ ай жұмыс жасады. 10-шілде күні монархтық төстеушіліктің қысымымен күштеп таратылды. Турасына келсек, І-Дума Николай патшамен, оның жүргізген саясатымен ымыраға келе алмады.
 Енді осы Думаға қазақтан кімдер сайланды, соған келейік. 1906 жылы Санкт-Петерборда Н.Пружанскийдің редакциясымен шыққан «Ресейдің бірінші Мемелекеттік Думасы» (А.Н. Андреев басылымы) атты көлемді кітап осы жиынға қатысқан қазақтар жөнінде бірсыпыра мәлімет береді. Басылымнан Дума депутаттары Ахмет Бірімжаның, Сәлімгерей Жантөриннің, Алпысбай Қалмеңнің, Дәуіт Тұндұттың суреттерін ұшырастырдық (назарларыңызға ұсынылып отырған – сол суреттер). Кітапта сондай-ақ олардың аты-жөнімен бірге, қандай қызмет жасайтыны, қайдан сайланғаны көрсетілген. Кейбірінің (С.Жантөриннің) саяси тұжырымдамасы (платформасы) да хатталыпты. Кітаптағы қазақ депутаттары туралы мағлұматтар төмендегідей:
«Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов – қазақ. Бұрынғы сот қайраткері. Торғай облысын мекендеген қазақтардың өкілі.
  Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөре – қазақ. Халықтық – мұсылман партиясының жергілікті тобының көрнекті мүшесі, әрі шешені. Мемлекет ішіндегі әрбір халықтың табиғи сұранымына сәйкес мектеп сипатты болу қажет деп есептейді. Бұл үшін, оның ойынша, мектептердегі сабақ ана тілінде жүру керек және балаларға дәрісті сол ұлттан шыққан мұғалімдер беруі тиіс. Өфе губернесінен сайланған.
  Алпысбай Қалмең ұлы Қалмең – қазақ. Университеттік білімі бар. Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңесте кеңесші қызметін атқарады. Қандастарының арасында үлкен беделге ие. Оны хан Ордасының қазақтары сайлаған.
  Дәуіт Санжынұлы Ноян-Тұндұтов – қазақ. Аса ірі жер иесі. Алғаш ханзада Николай лицейінде тәрбиеленеді. Сонан кейін шетелдердің әртүрлі университеттерінің дәрісін тыңдайды. 80-інші жылдарықазақтар құлдық бұғаудан босанған кезде, солардың бас кепілшісі (ходатай) болады. Астрахан мен Страуропол губернелеріндегі көшпелі тайпалардың өкілі».

 Сонымен, бұл басылымда бар-жоғы төрт қазақтың аты-жөнітіркелгендігі мәшһүр болып отыр.
  Біз бұған дейін Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның осы І-Думада депутат болғанынан хабардар болатынбыз. «Семипалатинский листок» газеті 1906 жылы 16 маусымдағы 16-санында: «15 маусым күні Семей қаласында омбы сот палатасы прокурорының серігі Висковатов мырзаның төрағалық етуімен Семей облысындағы қазақтар арасынан Мемлекеттік Думаға мүше сайлау болып өтті. Оған бірауыздан Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының қазағы, орман зерттеуші ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан сайланды.
  Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды. Ә. Бөкейхан Мемелекеттік Думаға ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне халқы сенсе керек» .
  Осы газеттің келесі сандарында оның 21-маусымда Омбыға аттанғаны, 3-шілдеде қаладан Петерборға шыққан 11-шілдеде діттеген жеріне жеткені жазылған. Бұдан шығатын қорытынды: Ә.Бөкейхан І Думаға белгілі себептермен кешігіп барған (ол Омбы генерал-губернаторының жарлығымен соттың тергеуінсіз үш ай Павлодар түрмесінде отырады). Бұл кезде Дума таратылып,мүшелері Финляндияның Выборг қаласына жүріп кеткен-ді. Әлихан да сонда аттанады. Ә. Бөкейханның жеке суреті мен атының кітапқа енбей қалуының себебі Петерборға сәуірде емес, шілдеде жеткендігінен. Бірақ осы кітап соңындағы депутаттардың топ-топ болып түскен суреттерінің арасында Әлиханның осы күнге дейін кездеспеген бейнесін ұшырастырдық (сурет Финляндияның Териоки деген елді мекенінде түсірілген. Әлихан оң жақтан санағанда екінші.
  І-Думаға сайланған қазақтар туралы дерекке қосымша тағы біраз ақпарды М.М. Бойович құрастыруымен 1906 жылы Мәскеуде шыққан «Мемлекеттік Дума мүшелері. Суреттері мен өмірбаяны» деп аталатын кітаптан таптық. Онда Дума мүшелері Алпысбай Қалмең мен Дәуіт Ноян-Тұндұттың 1860 жылы туғаны,алдыңғысының титулярлы кеңесші, соңғысының кадет партиясында екендігі жазылыпты. Мұнымен қоса осы басылымнан біз алғашында мүшелікке сайланып, соңынан бұл хұқынан айрылған және бір қандасымыз туралы дерек ұшырастырдық.  Ол тарихи құнды айғақ мынау: «Шәймерден Қосшығұл – қазақ. Көкшетау молдасы. Білімді Бұқарадан алған. Қазақ арасындағы халық сотына түбегейлі қарсы. Шариғатты жақтаушы. Мүшелікке сайланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіні белгілі болып, онысы «Мемелекеттік Думаға сайлау Ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен, облыстық сайлау комиссиясы бұл сайлау қорытындысын жаратпай тастаған. Ол Ақмола облысы қазақтарының арасынан сайланған».
 Әрине, Шәймерден молда жөніндегі бұл мәлімет Петерборға жалпы сайлау қорытындысы тұсында жеткен. Сол себепті тиісті дауыс алған мүшелер қатарында тізімге енген. Ал, бірақ оның 1906 жылы сәуірден басталған І-Дума жұмысына қатыспағандығы рас. Сондықтар оның суреті І-Думаға қатысты кітаптарға да енбеген.  Дәл бүгін біздің қолымызда мерзімінен бұрын күш қолданылып таратылған Мемлекеттік І-Думада қазақ депутаттары не жөнінде сөйледі, қандай көкейтесті мәселелер айтты – бұл жөнінде деректер жоқ. Іздеген жағдайда олар да табылуы мүмкін.

Аққұлұлы С., Қамзабекұлы Д. 1 Мемлекеттік Дума және оған мүше болған қазақтар /Ана тілі .- 1993.-4 ақпан.-Б.6.