Мұрағаттан табылған олжа

 Алаш қозғалысы тақырыбы осы айдармен жүйелі түрде жарық көріп келеді. Бұл жолы С.Аққұлұлының Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов өмірінің соңғы кезенінде байланысты зерттеу мақаласы арнайы берілді.Онда 1937 жылғы қанды оқиға нақты мұрағат деректерімен дәлелденіп көрсетілген.
 Ал, Алаштың ағиық ақыны Міржақып Дулатовтың мақаласында XX ғасыр басында қазақ қоғамында шешімін таппай жүрген кітап шығару, яғни қазақ баспаханасын ашу мәселесі көтеріледі. Жоғарыда айтқанымыздай, Алаш арыстарын сталиндік қудалау зардаптары журналист М,Кенемолдиннің мақаласына арқау етіп алынған. Сондай-ақ, Д.Бекмұқашұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Әнет бабаның ұлағатты өміріне қатысты деректерге тарихи тұрғыдан көз жүгіртеді.

Мұрағаттан табылған олжа

 XX ғасырдың басында қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде сотталып,сол жерде атылған. Бірақта, ССРО НКВД-КГБ- сының құқықтық мирас қоры болып табылатын Ресейдің арнаулы қызметі оның жерленген орнын айтпай отыр.
 Соңғы екі ғасырдағы Қазақстанның ұлт- азаттық қозғалысы тарихында шоқтығы биік екі тарихи тұлға бар. Оның әрқайсысы екі түрлі тарихи кезенде қазақтың ұлт – азаттық күресін басқарды және екеуіне де туған жердің топырағы бұйырмады.
 Біріншісі – Кенесары хан. Екіншісі-Әлихан Бөкейхан. Кенесарының бас сүйегі Ресейде жоғалған, ал, Әлихан Бөкейханның ресми құжат бойынша Мәскеуде сотталып, сол жерде атылғаны және сонда жерленгені, не ГУЛАГ- тың көптеген мекемелерінің бірінде қалғаны беймәлім.
  Санкт-Петербургке барғандағы мақсаттың бірі-XIX ғасырдың соны мен XX ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне және де 1937 жылдың қыркүйегінде тұтқындалып, ату жазасына кесілгеннмен кейінгі тағдырына қатысты мұрағаттық және басқа да құжаттарды іздеу еді.
  Күткеніміздей-ақ, бұрынғы Императорлық орман институтының, қазіргі Киров атындағы Санкг- Петербург мемлекеттік орман – техникалық академиясының мұрағаты сақталып отырған Орталық мемлекеттік тарихи мұрағаттан (ОМТМ) Әлихан Бөкейханның осы оқу орнында оқығанына қатысты бірқатар жана құжаттар табылды.
  Нақты айтқанда. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның С-Петербург орман институтына студент етіп қабылдау туралы 1890 жылғы 20 шілдеде өз қолымен жазған өтініші. Өтініштің астына “Техник Әлихан Нұрмұхамедов Сұлтан Бөкейханов” деп қол қойылған .
  Мұстафа Шоқайдың студенттік жылдарында түскен суреті табылған еді, сол секілді Әлихан Бөкейханның ісінен де суретін табамыз ба деп үміттенген едік, бір де фотоқұжат жоқ болып шықты. Ал, өзінің өтінішінде ол басқа да қажетті құжаттармен бірге “екі фотографиялық кәртішкесін”қосқанын жазған екен.
  Осы істе сақталған жана манызды құжаттардың екіншісі – құжаттың өзінде жазылғандай “Әлихан Нұрмұхамедұлы Сұлтан Бөкейхановтың” С-Петербург Орман институтын бітіруі және оған екінші дәрежелі ғалым – ормантанушы атағының берілуі туралы аттестат.
  Бұл жерде түсіндіре кетер бір жайт- “сұлтан ” деген сөз оның атын немесе әкесінің атын білдірмейді, ол сөз оның биік атағын, қазақтағы төре руы бастауын содан алатын Шыңғысханның тегіне, Жошыханның тұқымынан тарайтындығын білдіреді.
  Ары қарай Әлихан Бөкейханның ісінде оның биографиясын айтарлықтай толықтыратын,қазақтын болашақ ұлт көсемінің сипаты мен мінез-құлқын ашуға көмектесетін тағы бірқатар құжаттар бар. Бірақ, біз оның өміріндегі одан да маңызырақ тұсына тоқтағымыз келеді. Нақты айтқанда, әңгімемізді Әлихан Бөкейханның тұтқындалып,ату жазасына кесілгеннен кейінгі уақытқа арнамақпыз.
  Тұңғыш рет жарық көріп отырған құжаттардың көпшілігі КСРО НКВД-КГБ-сының құқықтық мирасқоры болып табылатын Ресей Федерациясы Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) мұрағатына тиесілі.
  Автор Отан тарихының ең бір қанды кезеңдеріне қатысты осы құжаттарға қол жеткізуге септескені үшін Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына алғыс білдіреді.
  Дей тұрғанмен, жарты ғасырдан астам уақыт ешкімге көрсетілмей келген осы құжаттарды (ФҚҚ жолдаған құжаттардың бірқатары тек оқып-танысуға ғана берілгенің айта кетейін) өзінің мұрағатынан суырып берген Ресейдің арнаулы қызметі ең басты да соңғы құпияны жасырып қалды. Бірақ,бұрынғы НКВД-КГБ-ның бұл құпиясына сәл кейінірек тоқталамыз.
  Тарихқа кіріспеден бастайын. 1922 жылдың қазанынаң 1937 жылдың 27 қыркүйегіне дейін Алаш-Орта ұлттық-аумақтық аутономия үкіметінің бұрынғы басшысы Әлихан Бөкейхан (ол өзінің 1927 жылы жарық көрген соңғы ғылыми еңбегінде аты – жөнін дәл осылай көрсеткен) Мәскеуде тұрған және жұмыс істеген.
  Ол Мәскеуге Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің тікелей нұсқауы бойынша айдаулмен алдырылған. Бірақ, бір қызығы – оны Мәскеуде абақты емес, Үлкен Кислов қиылысындағы 4- ші үй,15-ші пәтер деген мекен – жайдағы жеті бөлмелі пәтер күтіп тұр еді.
  Тарихи деректер бойынша, кезінде бұл үйді граф Шереметьев өзінің басқарушысына тарту еткен екен. Бұл үйде Қазан төңкерісінен кейін сонау 1930 жылдарға дейін совет өкіметінің көсемдері тұрған, кейінірек барып олар Кремльге ауысқан. Әлихан Бөкейхан тұтқындалған кезде жеті бөлмелі ол пәтер жекелеген жеті коммуналды пәтерге айналып үлгерген болатын. Айтпақшы, олар қазір де бар.
  Әлихан Бөкейхан соңғы рет тұтқындалып,1937 жылғы 26 шілдеде Бутырка түрмесіне жабылған, мұны ФҚҚ мұрағатының бірінші құжаты – N 3640 ордер растайды. Оның пәтері, нақтырақ айтқанда ,сол пәтерден қалған бұрыштағы бөлмеге тінту жүргізілген.
  Оның жан – жақпен, яғни Алаш ұлттық қозғалысындағы, Сібір мен Қазақстанда земство енгізу жөніндегі қозғалыстағы адамдармен, сондай-ақ әріптестерімен, С.П.Швецов, С.Ф.Ольденбург, С.И.Рутенко және басқа да орыс-совет ғалымдарымен, оның ішінде “әлемдік пролетариат көсемінің” жақын досы В.Д.Бонч-Бруевичпен жазысқан хаттарының барлығы оның “қылмыстық әрекетінің ” дәлелдемесі ретінде алынған.
  Сонымен қатар, біріншіден, оның бай кітапханасы, ал екіншіден,оның әйтеуір бір жарық көрер деп үміттенген қазақ тарихы ,әдебиеті, тілі бойынша жазған жана ғылыми зерттеулерінің, әдеби және басқа да аудармаларының қолжазбалары тәркіленген.
  Тәркіленген мүлікті,ең бастысы – Әлихан Бөкейханның кітапханасы мен қолжазбаларының ізін табу мүмкін емес. Ол жылдары тұтқындалған адамның құнды заттары мен мүлкін НКВД қызметкерлері бөліп алатын ,бұл олар үшін әдеттегі іс еді.
  Келесі құжат – тұтқынның анкетасы. Ондағы жазбаларды жоғарыда айтылған өтініштегімен ("сұраудағымен") салыстырсақ, онда бұл Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Құжатты Әлихан Бөкейханның өз қолымен толтырғанына еш күмән қалмайды. Анкетадан біз Әлиханның өзі және оның 1917 жылдан бері қарайғы қызметі, сондай –ақ , оның балалары туралы біршама ақпарат ала аламыз.
  Қазақстан ҰҚК мақала авторына барлық құжаттын көшірмесін түгелдей бере қоймады. Жауап алу және соттық тергеу хаттамалары секілді бірнеше манызды құжаттар бір қарауға ғана ұсынылды, рас, одан қолмен көшіріп алуға болар еді.
  Соттық тергеу хаттамасынан көретініміз – Әлиханнан 1937 жылы билікте болған Қазақстан басшыларымен байланысы туралы ақпарат алғысы келген. Олармен байланысы болғанын “мойындаудың” арты не болатыны айтпаса да түсінікті.
  НКВД тергеушілерінің айлап жүргізген азапты тергеу- жауап алулары да ”үштіктің ” жүйке тоздырар соттық мәжілісі де, егде тартқан жасы да Әлихан Бөкейханның рухын сындыра алмады. Ол тек бір нарсені ғана шынайы да ашық мойындамады.
  Үкім шығарар алдында берілетін соңғы сөзде өзін кінәлі етіп, жазаға кесетіндеріне күмәні болмаған Әлихан Бөкейхан ешқандай өкінішті де, аяушылық сұрауды да білдірмейтін қысқа, бірақ, мағынасы терең ақтық сөзін айтты: “Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!” осы сөзді айтқан сәтте ол 72 жаста еді.
  Сөйтіп, нақақтан нақақ талайдың көз жасын төккен ССРО Жоғары соты Әскери алқасындағы аты шулы “ үштік” 1937 жылғы 27 қыркүйекте әбден үйреншікті, жаттанды болған үкімдерінің бірін шығарып, Әлихан Бөкейханды “ ең жоғарғы қылмыстық жазалау шарасы- ату жазасына”кесті.
  “Советше әділетті соттаудың” сол актісіне үңілсек, Мәскеуде өткен жабық сот мәжілісінде төрағалық етуші “ Дивизиялық әскери заңгер Голиков жолдастың, сот мүшелері: Бригадалық әскери заңгер ждан жолдастың және 1-інші дәрежелі Әскери заңгер Кандбин жолдастың және де хатшы 2-інші дәрежелі Әскери заңгер Кудряцев жолдастың сондай-ақ сотталушы Бөкейханның аты – жөндері машинкада басылған, ал үкімның мазмұны қолмен жазылған: айдақ-сайдақ шимайлай салған.
  Осыдан көретініміз-құлаққа жауыр болған “халық жауы” деген 58-бап бойынша ату жазасына кесу күнделікті іске айналғанын дәлелдейді.
  Бірақ, Сталиндік режим істеген сорақылықтар мұнымен де бітпейді. Енді ФҚҚ мұрағатындағы соңғы құжатқа мән берейік.
  “Құпия” белгісі қойылған анықтамада былай делінген: “Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлын ату жазасына кесу туралы үкім 1937 жылы 27 қыркүйекте Мәскеу қаласында орындалған. Үкімді орындау туралы акт ССРО НКВД – сы 1-інші арнаулы бөлімде сақтаулы N 2 том, N 283 бет. ССРО НКВД-сы 1-інші арнаулы бөлімінің 12-інші бөлімшесі мемлекеттік қауіпсіздік лейтенант Шевелев. Қолы.”
  Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылғы 27 қыркүйекте шығарылған және тура сол күні – 1937 жылғы 27 қыркүйекте орындалған. Тіпті, қай жерде, қай қорымда немесе қай ортақ зиратта жатқаны беймәлім. Ресейдің ФҚҚ бұл сұраққа байланысты ешқандай мәлімет бермейді.
  Осылайша қазақ ұлттық қозғалысының тағы бір көсемінің сүйегі ізім ғайым жоқ болды. Десе дегендей, Сталиндік қуғын-сүргін мыңдаған Қазақстандықтың басын жұтты. Адамы тұтқындалмаған, жер аударылмаған және абақтының адам төзгісіз күйін көрмеген бір де бір отбасы қалмады десе де болады. Мыңдаған адамның сүйегі қайда қалғаны белгісіз. Тәуелсіздік алған Қазақстанда сталиндік қуғын-сүргіннің шындықтарын іздеу жекелеген ғалымдар мен ынталылардың бастамасымен ғана шектелуде. Коммунистік жүйенің ашықтан ашық жасаған қылмысы жазасын алған жоқ.

Аққұлұлы С. Мұрағаттан табылған олжа //Абай.- 2009.-№4.- Б. 56-59.