Алаш ардагерлері

Ел ардақтаған азамат

 Әр ұлттың тағдырында қайталабайтын тұлғалар болады. Қазақ халқының әрбір асыл ойлы азаматының жүрегінде мәңгілікке сақталуға тиісті сондай қасиетті бейненің бірі – Әлихан Бөкейханов. Еліміздің ел болып, есепке кіруіне одан үлкен еңбек сіңірген саяси қайраткер әзірге туа қойған жоқ. Мүмкін келешекте болатын да шығар. Әзірге Әлекеңдей ұлты үшін күйініп, оның мемлекеттігінің негізін салып, жобасын жасап, санасын оятқан азаматты жұртымыз білмейді. Бір күндік билік басындағы жандарды дәріптеуге жағынып-ақ тұрамыз. Алайда Әлекеңнің қасында олардың барлығы кәдімгі саясаткерлер ғана. Біз бағаламасақ та кезінде ата дұшпандары мойындап, онымен бетпе-бет келуден тайсақтап жүрген. Оның қатарында Ленин мен Сталиннің бар екенін ескерсек, талай жағдайдың астарын аңғарамыз.
 Әлихан Бөкейхановтың Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі тергеу ісімен танысқаннан кейін бұл жайға көзіміз анық жетті. Әрине, шағын мақалада оның барлығын сабақтап беру мүмкін емес. Қазір қолына қалам алғандардың барлығы қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін қаралауға дайын тұрады. Мен арасындағы үзілісті есептегенде екі жарым жылдан астам бойы сол мекеменің хаттаулы қағаздарын ақтардым. Сонда Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев іспетті қауіпсіздік мекемесі дәбірлерінің көмегін біршама сезіндім. Әрине, көптеген қиындықтар да кездесті. Түбі қайырлы болып, зерттеу жұмысын именбей жүргізерліктей деректер жиналды.
 «Алашорданың ісі» деген бұл тергеуде 73 адамның тағдыры тезге түсіпті. Соның ішінде Әлихан Бөкейхановтың берген жауаптарына қысқаша ғана түсінік беріп, үстірт те болса, кейбір деректермен «Ақиқаттың» оқырмандарын таныстыра кетуді жөн көрдік. Зады, өзгелердей емес, Әлекеңді тұтқындауға НКВД тергеушілері ерекше дайындалып, қалайда қолға түсіру үшін сан түрлі айла қолданыпты. Оған төмендегі қатынас дәйек болады.
 «Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқармасының Шығыс бөлімі. 7 маусым (июнь) 1929 жыл.
 ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша орынбасары Ж.Альшанскийге. Алматы. Бөкейхановтың үстінен түскен (жинақталған) құжаттардың (материалдардың) шұғыл тұтқындауға жеткіліксіздік жасауына байланысты, біз тергеу жұмысын мынадай есеппен – егерде ол біз таққан айыпты жоққа шығарып жауап берген жағдайда оны тұтқындамай босатып жіберетіндей етіп жүргіздік.
 Бөкейхановтың 26/Ү-29 күнгі жауабының хаттамасын қоса жіберіп отырмыз.
 ГПУ-дің Шығыс бөлімінің көмекшісі – қолы. Көріп отырсыздар, тергеушілердің өзі Әлекеңмен жүрексіне сөйлесіп, арыстанның жалын сипағандай күн кешкен. Олардың былай мәймеңкеге көшуі түсінікті де еді. Өйткені Әлихан Бөкейханов «отаршыл монархияның» да, «отаршыл коммунистердің» де түрмесіне сан рет түскендіктен олардың шырғасымен толық таныс болатын. Ату жазасына кесілген тұрған жерінен бірнеше рет шұғыл жарлықпен Кремльге шақырылып, мемлекеттік жиналыстарда сөйлеп, жәй сөйлеп қана қоймай, талай комиссарларының қылмысы мен отаршыл пиғылын әшкерлеген.Оның дұрыс сөзін жоққа шығара алмаған дұшпандары еріксіз түрмеден босатуға мәжбүр болған. Соңғы жолы тұтқынға алынғанда: «Жер туралы немесе басқа да маңызды ұлт мәселесі жөнінде қаулы қабылдар алдында большевиктер мені түрмеге қамап, бутыркадан кіргізіп, Кремльдің есігінен шығарушы еді. Әй, бұл жолы өйте қоймас. Енді уысынан шығармас» - деп қалжыңдаған екен.
 Айтқаны келді. Темір ноқтаны мықтап киді. «Алашорда» мүшелерін жаппай қамауға алуына іздеп тапқан кілтипандары – 1921-1922 жылдары Орынбор, Ташкент, Семей қалаларында контрреволюциялық астыртын ұйым құрды, басмашыларға қосылып, башқұрт елінің көсемі Заки Валидимен астыртын байланыс жасады- мыс деген желеу ғана. Заки Валиди Тоған ол кезде Берлинде тұратын. Кейін ол Стамбул университетінің профессоры, түркітану мен түркі тарихы ғылымын жаңа арнаға түсірген әлем таныған ғұлама атанды. Алғашқы тергеудегі қойылған сұрақ та соған қатысты болды. Әлекең де сұраққа нықтап және асқан дәлдікпен жауап беріпті. Оған қосымша сауал қою үшін тергеушілердің арнайы дайындығы болуы тиіс еді. Және Әлекең оларды еркінсітіп қоймаған. Тізгінді өз қолына алған. Оған көз жеткізу үшін хаттамаға назар салайық:
  «1929 жылғы 27 мамыр күнгі Әлихан Бөкейхановтың берген жауабы. «Алаш орданың» ұйымдастырылған күнінен бастап оның тарқаған күніне дейінгі атқарған ісі туралы мен Каширин жолдасқа жауап берген болатынмын. Ал менің Валидовпен арадағы қарым-қатынасыма келетін болсақ, мен онымен соңғы рет Уфадағы «Мемлекеттік кеңесте» кездесіп, әңгімелескен едім. Онда біздің еліміздің жауларымызға қарсы қалай бірігіп күресіміз керек екендігі жөнінде ақылдастық, әрине, олардың қатарында кеңес өкіметі де бар. Оның ішінде Дулатов туралы нақыт талдадық, ал кеңес үкіметі жөнінде арнайы сөз болған жоқ, жоғарыда айтқанымыздай, біз үшін ол өзінен өзі түсінікті жай еді. Мен де, Валидов те дәл осылай түсіндік. Біздің әңгімемізбен жасаған жоспарымыз жүзеге асқан жоқ, өйткені Уфа кеңесінде сайланған Үкіметті Сібір Үкіметі тұтқынға алды. Бұдан кейінгі қалыптасқан жағдайға байланысты екеуіміз кездесе алмадық, ешқандай байланыс орнатудың да реті келмеді.
  Байтұрсынов пен Ермеков туралы: олар 1920 жылы (жазда) Мәскеуде болды. Олар мұнда Қазақ Автономиялы Республикасын құру туралы Комиссияның мәжілісіне қатысу үшін келді. Олар Валидовпен кезікті ме, жоқ па, оны айта алмаймын, бірақ та білетінім, Ермеков Қазақ Республикасының Құрылтай жиналысына 1920 жылдың қазақ айында келді, ал Валидов болса 1920 жылдың қыркүйек айында Бакуде өткен Шығыс халықтарының құрылтайына қатысты. Сондықтан да, олар Валидовпен ешқандай байланыс жасай алған жоқ деп ойлаймын. Қалай дегенмен де, олар бұл туралы маған еш нәрсе айтқан жоқ.
  Мен мына жайды үзілді-кесілді бас тарта отырып мәлімдеймін: Уфадағы мәжілістен кейін мен Валидовпен ешқандай байланыс жасағаным жоқ, оған Болғанбаевті жолығуға жұмсағаным да жоқ және Валидовпен ол арқылы хат та алғаным жоқ.
 1919 жылы «Алаш орда» тарқаған соң, біздер, бұрынғы ұлтшылдар, бұрынғы алашордашылар кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір арнайы ұйым құрып, күресуге талаптанған жоқпыз. Ұлтшылдық іс-әрекет туралы ешкіммен де ой бөліскен жоқпын, өйткені ұлт туралы ұлтшылмен ұлтшыл ретінде пікір алысатын екі –ақ адам бар, ол –Байтұрсынов пен Дулатов, ал бұлармен ұлттық күрес тәсілдері жөнінде әңгімелескен емеспін, егерде ұлт жөнінде олармен сөз қозғай қалсақ, біздің «ұлтшылдығымыз» тек тағдырға налып, «көз жасын төгумен» шектелетін.
  Менің Жер туралы саясат жөніндегі пікірім мынаған келіп саяды: жерді орыстар мен (қоныс аударып келушілермен) қазақтарға тең бөліп беруге болмайды, өйткені орыстар жерді өңдеу мәдениетін жақсы меңгерген, олар жерді қалайда ұтымды пайдаланылады да, кезі келгенде қазақтарды қанауға кіріседі. Жер туралы менің «ұлтшылдығым» осы мәселеге келіп тіреледі.
  Жауаптың ыңғайына қарағанда бұл бірінші тергеу емес. Ал екінші тергеу үш күннен кейін жүргізілген. Соған қарағанда, Бөкейхановты тұтқындай аларлықтай себеп таппаған соң тергеуші үзіліс жариялап, арасында түрме бастықтарына не Альшанскийге барып ақылдасып келгенге ұқсайды. Бұл сұрақтың соңына қол қойылмаған. Екінші тергеуде Голошекиннің есімі аталады. Оның себебі былай: өзінің кезекті бір баяндамасында, голошекин «алашордашылардың» теіс тұтқындалып біткенін хабарлап, олардың тергеушіге берген жауаптарынан үзінді келтірі, соттан бұрын сот құрып, ресми үкім айтқан еді. Сол баяндамасында: Жер жөніндегі халық комиссары Сұлтанбеков «Мәскеуге барғанда сонда жүрген менен ақыл ақыл сұрамай Бөкейхановтан кеңес алыпты» - деп тас-талқаны шығып, ашулана сөйлеген еді. Әлихан Бөкейхановты торға түсерліктей өзге айла таппаған тергеушілер Голошекиннің осы сөзін көлденең тартыпты. Оған Әлекең былай жауап беріпті.
  Ә.Бөкейханов. 27/Ү-1929. Жер жөніндегі халық комиссариатының жер туралы іс-әрекетіне араласады-мыс деген жайға келетін болсақ, ашығын айтайын, ол арада менің сөзімді тыңдай қоятын ешкім жоқ, мысалы, Голошекиннің Сұлтанбековті айыптап: «ол Мәскеуге келген кезде Голошекинге келмей, маған келді», - деген жаласын мен мойындамаймын. Істің анығы былай. Республиканың Жер жөніндегі халық комиссары болғандықтан да кесімді жер мөлшерінің ережесін РСФСР-дің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіне (1927 жылы) бекіттіру үшін Мәскеуге келді. Жердің кесімді мөлшері қазақ мекемелерінде Швецовтың көмегі арқылы жасалып, бекітіліп кеткен болатын. Енді сол кесімді жер мөлшерін РСФСР-ді Мемлекеттік жоспарлау мекемесінде тағы да қорғауы үшін Швецовты ертіп барғысы келді де, сол үшін маған қолқа салды. Швецов екеуімізді ол білетін, сондықтан да оның бұл іске көмектесуіне менің өз аузымнан тілек білдіруімді өтінді, егерде Сұлтанбековтың өзі тікелей барса, оның бұл ұсынысынан Швецовтың бас тартуы мүмкін еді. Шындығында да, Швецов менің өтінішім бойынша оларды қорғау үшін сонда қалды. Ал Голошекин болса ғой, Сұлтанбековтың өзіне бармай менен «ақыл сұрағанына» намыстанып қалыпты.
  (Осы арада жер нормасы туралы сұрақ берген болуы керек, әңгіме үзіліп барып жалғанады.- Т.Ж.)
  1925 жылы (көктемде) Қаратілеуов пен Сириус мені ҚАССР-дің мәскеудегі Өкілдігіне шақырып алды. Екеуі РСФСР-дің Жер жөніндегі халық комиссариатының бекітуіне ұсынғалы отырған Қазақстандағы жерді бөлу мөлшері туралы ереже жөніндегі пікірімді сұрады. Мен олардың ұсыныстарын қарап шықтым, сондай сауатсыз жасалған екен. Мысалы, онда Абай болысындағы шаруашылықта 28 түйе бар деп кеөрсетіліпті, бұл дегеніңіз тек қиялда ғана болатын елес қой. Мен өзімнің бұл ойымды ашық айттым. Олар маған: «егерде біз жасаған жердің кесімді мөлшері сондай сауатсыз жасалған болса, онда оны сауатты түрде есептеп беретін адам керек, оны сіз тауып беріңіз», - деді.
  Міне, мен сөйтіп оларға Швецовты тауып бердім. Мен сол кезде (1925 жылы( Мәскеуде тұрған Ольденбургке барып, олар, яғни, Ғылым академиясы жердің кесімді мөлшерін анықтау үшін Қазақстанда түбегейлі зерттеу жасай ала ма? – деп сұрадым. Бұған Ольденбург: егерде Қазақ Үкіметі ол мәселе жөнінде бізге өтініш етсе, онда зерттеу жүргіземіз, - деді. Өзімнің Ольденбургпен болған әңгімемді Мәскеудегі қазақ өкілі Мырза Галеевке (солай жазылған – Т.Ж.) жеткіздім. Бұдан кейін Ғылым Академиясына өтініш жіберілді, 1926 жылы қаңтар айында мәжіліс болды, оған Қазақстаннан –Жер жөніндегі халық комиссары Әлібеков, Жаманмұрынов, Қаратілеуов және мен қатыстым.Ол мәжілісте жан-жақты зерттеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Зерттеу жүргізетін топтың ішінде Швецов басқарған экономикалық-есептеу тобы да бар еді. Қаратілеуов пен Әлімбековке бұдан басқа ешқандай кеңес бергенім жоқ. Ал РСФСР-дің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі мәжілісте Швецов өзі жасаған кесімді жер мөлшері туралы ұсынысын баяндаған кезде, осы істің маманы ретінде мені арнайы шақыртып алды (бұл кезде Ә.Бөкейханов тергеуде еді – Т.Ж.), мен ол мәжілісте Швецовтың ұсынған жер бөлу мөлшерін қорғап сөз сөйледім».
  Дұрыс: «Ә.Бөкейханов (қолы). 1./ҮІ. 29».
  Тергеушілердің тісі ақыры Әлихан Бөкейхановқа бата қоймаған көрінеді. Өйткені өзге айыпкерлерден 15-20 рет сұрақ алынып, түсініктеме жаздыртса, осы екі жауаптан басқа Әлекеңе ешқандай тергеу жүргізілмеген. Оқырмандарға әу баста ескерткеніміздей, Ә.Бөкейхановтың әр жауабының астарындағы оқиғаларды таратып жатпаймыз. Ол мүлдем басқа әрі қомақты әңгіме. Дегенмен де, Сұлтанбековтың Мәскеу қаласына келгенде Әлихан Бөкейхановқа жолыққанын Голошекин қайдан білді? Иә, шындықты ашу қиын. Бірақ айту қажет. Ондай хабарды берген – Сұлтанбековтың өз қызметкері екен. Мұны, «үндеместің» әрекеті деуге болмас. «Коммунистік сенімнен» туған әрекет. Ал Голошекин ол хатты ОГПУ-ға беріп, қылмыстық іс қозғатқан. Оған себеп осы «Алашорда» ісінде сақталған, Ә.Бөкейхановтың үстінен түскен арыз. «Саққұлақтық» жасап, қырағылық көрсеткен М. Төлепов деген адам. Хат былай:
  « ВКП (б) өлкелік комитетіне ВКП (б) мүшесі М. Төлеповтен
  Партиялық билеттің №................................................................
  КССР-дағы біздің партиямыздың алдында өзінің шешімін табуға тиісті көптеген күрделі мәселелер тұр. Соның ішіндегі ең бір шиеленіскен әрі қиын, саяси және шаруашылық тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе – жер мәселесі. Бұл жөнінде неше түрлі пікірлер айтылып, қилы-қилы «қисындар», «тұжырымдар» мен «көзқарастар» қалыптасып отыр.
  Бұл мәселе тек қана еңбекші – кедей табының ғана назарын аударып отырған жоқ, сонымен қатар бізге жат, біздің партиямыздың жаулары –бай, кулактармен қоса эсершіл – алашордашыл элементтер де бұл жөнінде ерекше белсенділік танытып отыр.
  Бұл мәселе тек қана еңбекші – кедей табының ғана назарын аударып отырған жоқ, сонымен қатар бізге жат, біздің партиямыздың жаулары – бай, кулактармен қоса эсершіл – алашордашыл элементтер де бұл жөнінде ерекше белсенділік танытып отыр. Өзгені былай қойғанда, осынау күрделі ішкі мәселелер жөнінде Бөкейханов Әлихан сияқты контрреволюциялық элементтермен пікір алысып, соның ықпалымен шешім қабылдауға бой ұрған біздің жауапты қызметкерлеріміздің бір тобының қатерлі де қауіпті бағыты аңғарылады, сөйтіп әлгі адамның (Ә.Бөкейхановтың – Т.Ж.) партия қатарына ықпал етуіне жақсы жағдай жасап, біздің құрылысымыздағы шешуші мәні бар КССР-дағы ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленістіріп, оны шешуге бөгет жасап отыр.
  Партияға қарсы бағытталған төмендегі айтылатын құбылыстың еріксіз куәсі болғандықтан да, мен мұны Өлкелік комитетке хабарлауды өзімнің партиялық парызым деп есептеймін.
  Биылға жылдың шілде айының аяғында Жер жөніндегі халық комиссары Сұлтанбеков жолдас Қырымға демалуға кетіп бара жатып, жолай мәскеуге тоқтады. Сол күні Сұлтанбеков жолдас қонақ үйге заттарын орналастыра салып Әлихан Бөкейхановтың үйіне кетті, ал өзінің сонда баратыны жайында Қазақ өкілдігіндегі Жер комиссариатының осындағы өкілі арқылы хабар бергізіп қойып еді, ол мұқым кеш бойы Әлихан Бөкейхановтың үйінде болды. Таңертеңінде әңгімелерін одан әрі жалғастырды.
  Бөкейхановпен пікірлескеннен кейін Төреғожин мен Төлепов (өзі - Т.Ж.) жолдастарға:
 -Әлихан маған Швецовпен әңгімелесіп, оны көндіремін деп уәде берді, деді.
  Әңгіме – федеральдық ұйымдардың арасында өзара келіспеушілік туғызып отырған жер бөлу мен оның мөлшері туралы болды. Менің ойымша, партияның өз ішінде туындап отырған аса күрделі мәселені «Алашорданың» көсемімен бірігіп талқылау өте өрескелдік болып табылады. Бұл бөльшевиктер партиясының ішіне жат идеологияның кіріп кетуіне және қатардағы мүшелердің улануына жол ашады, сондай-ақ Жер жөніндегі халық комиссариаты сияқты аса жауапты мекеме түгелдей, не жарым-жартылай болса да өте реакцияшыл «алашорданың» ықпалында қалмасына кім кепілдік береді, бұл біздің жұмысымызды қиындатады.
  Менің ойымша, бұл мәселені Бөкейхановпен және оның тобымен емес, керісінше, партияның басшы органдарымен ақылдаса отырып шешуі керек еді және солай ету қажет.
  23/ІХ-27 жыл. М. Төлепов».
  Бар жай енді түсінікті болған шығар. Жер туралы мәселені қозғаған ақылдасуларды Голошекиннің назарына салып, оның аузын көбікке толтыра сөйлеуіне жол берген өз қандасымыз. Іс осыдан барып насырға шапқан. Ал бұл арызды Голошекин ОГПУ-ға жолдаған. Одан арғы жағы белгілі. Осыдан кейін Сұлтанбеков орнынан алынған.
  Осы тергеу ісінде Әлихан Бөкейханов пен Ахмет байтұрсыновтың екеу ара жазысқан хаттары да тіркелген. Олардың ішінде екі дегдардың өз қолтаңбаларымен қоса кейбір хаттарының тек орысша тәржімалары ғана сақталған. Оқырман назарына ұсынылған бірінші хат – түпнұсқаның көшірмесі, екінші хат орысшадан аударылды. Әуелі, Әлекеңнің Ақаңа жазған сәлемін ұсынамыз. «16 май. 25 жыл.

Бауырым Ахмет!

 Әлімхан келіп, сонан естідім, сен ауырып, оңалыпсың. Енді ауырма. Жоқтауым 21 болды. (Жинақ – Т.Ж.) Мен қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанмен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдатпай ойнаған біздің Ц.И. (орталық баспа Т.Ж.) сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар . Ц.И. Бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мектеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп көріңдер. Басқанына ақы аласыңдар. Жылдам басып береді.
 Біздің нәзір: «Шәңгерей, Шоқан, Ыбырайды (Алтынсары) кітап қылып шығарайық» - дейді. Мен: «Жарайды» - дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқан Мадиярға берейік деп едім, «латын» ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: «тақсыр баспагер, оны өзің жаз», - дедім.
  Мен мамырды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрібір күзге шейін басылмайды. Сен де: «күзге дейін жазып берем» деп –Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кете ме деп қорғанып тұрмын.
  Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. О дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары(, ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.
  «Жоқтауға» әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем. Мадияр (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) жолдасқа айтшы, мен «Еңбекші қазақтың» егіз санын алдым. Маған біреу де болады. Екіншісін: Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп. 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары: баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да Мадияр: «Газетті былай қылып елге тарат» - дегенде тым-ақ шешен. Өзінің газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаныалдыңғысынан озып жүреді. 31 мамырдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. О да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.
  Елдесім (Елдес Омаров – Т.Ж.) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онай да сүйікті болып кетті.
  Бір күні Шеңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?» - деді. Мен: «Жоқ» - деді.
 Шеңгерей: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем» - деді.
  Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.
  Бәріңді құшақтадым-сүйдім.
  Ғали-хан».
Бұл хатқа Ақаң –Ахмет Байтұрсынов былай деп жауап қайырыпты:
          «Қадірлі (құрметті) Әли!....
  Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының ауыспайтынына қарамастан оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан да пәтер қарап, іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессордың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптен ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.
  Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шарты бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15 маусымда, екіншісін – 1 шілдеде, үшіншісін – 1 тамызда және төртіншісін -20 тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы ділгір болып қалармын. 20 тамызға дейін, Ибрагимнің (Абай) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма, оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім шығатын сеніңқатираңа суретім кірмей қалып жүрмесін. Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты «жарты» емес, нағыз «96 – пробаның» өзі.
  Алтынсарынның баласының суретін «Шолпан» журналының № 6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.
  Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: «Гая жеңілдеді, ұл тапты» - деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан... (бұл арада бір әріпті не санды ажырата алмадым. «2 келдім» бе, жоқ «Е» келді ме. Егерде қысқартылып жаылған кісі аты болса, онда бұл «Елдес Омаров» деген сөз. Ал «2» деген сан болса , онда бұл «2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі съезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың «Әліппесі» сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық – Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.
  Латын қарпы туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да қаулы қабылдапты. Сияз оны қостады. Ол қаулының мазмұны мынадай. Қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақ та, оны қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін араб қарпіне нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ әріптің баспаша және жазбаша түрінің де қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырапияны орыс тілінде басып шығара алмайды – дейді.   Бұл ұсыныстарымды қырғыз даласын зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі оларға қырғыз жағырапиыс өте қажет.   Құшақтап сүйемін. Ахмет. 11ҮІ-25 жыл».
  Осындағы «Ибрагим» -дегенді Абай деп, аудармашы жақшаның ішінде көрсеткен. Зады, бұл Ибрагим – Алтынсарин болуы мүмкін.
  Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлихан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да түпнұсқасы жоқ. Тек фотокөшірмелері ғана бар. Ондағы әріпті ажыратып оқудың мүмкіндігі болмады. Орысшасы сақталған.Хат:
  «Бауырым Ахмет! Сенің 11/ҮІ күні жазған хатыңды алдым, профессор Берлин қаласына қайтіп кетті» -деп басталады. Әрине, алаштың көсемдерінің барлығының әрбір таңбасы қымбат, әр сөзі алтын. Алайда соны түгелдей көшірудің реті келмеді. Оған біз кінәлі емеспіз. Шамамыз келгенше қамтуға тырыстық. Алайда бұл жауапты біз толық жазып ала алмаппыз. Оның есесіне екі данышпанның осы екі хаттың арасындағы тағы бір жауаптасуын көшіріп алдық. Оны Әлихан Бөкейханов Дінше Әділевке жазыпты. Ескерте кетерлік бір жай, «Алашорда» ісінде куәлікке жүрген адамның бірі осы - Дінше – Дінмұхамед Әділов. Ол қазақ театрының тұңғыш директоры болған адам.
  «Москва. Воздвиженка. П. Кисловский, пер. 4. Кв. 15. (208 –бет. ҮІІт).

Бауырым Дінше!

 Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпан», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң – өзге жол бізге бөгелді ғой.

 Бұл хаттың сыртына мынадай түсініктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы (?) Рысбайдың ауылында алынған. Тапсырған – Мырзағазы. Дінше Әділев» - деп қолын қойыпты.
  Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда елі үшін қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» - деген сөзіне ие болуы – елі үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алды ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Әркім өз өміріне өзі ие және оған өзінің ақыл-ойының жеткенінше басшылық етеді. Бізге мазмұны белгісіз бұл хатта не айтылды деп жорамал жасамайық. Мүмкін ол хат табылып та қалар, осынау қызба қанды жігіттің: өмірдің мағынасын түсінуі үшін өз жанына өзі тыныштық бермегені – оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.
  Е, қаншама соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азматты, кеңес түрмесі «тірі өлік» етіп шығарды емес пе. Ендеше, артық сөз айтуымыз асылық болар. Тек шындықты ғана жария жасаймыз. Ал бұл мүлдем басқа мәселе.

Жұртбай Т. Ел ардақтаған азамат // Ақиқат. – 1995. -№3. – Б. 60-65.